Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Велосипедпен қажылыққа бара жатқан өзбекстандық қазақ полицейлеріне алғыс айтты

20 Мая 2022 20:52

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қажылыққа велосипедпен бара жатқан өзбекстандық азамат Қазақстан полицейлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстан Республикасының 56 жастағы азаматы Бозорбай Сатволдиев велосипедпен Меккеге қажылыққа баруға жолға шыққан.

Ол Қазақстан Республикасының аумағына Түркістан облысындағы шекара бекеті арқылы өткен.

Ал, бүгін, 20 мамырда Атырау облысы арқылы Маңғыстау өңіріне бағыт алған.

Жолда велосипедпен кетіп бара жатқан оны сағат 14:30 шамасында Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кездестірген.

«Жол бойынан велосипедіне Өзбекстан Республикасының туын іліп, сөмке асынған егде жастағы ер адамды байқадық. Онымен жөн сұрасып, Өзбекстан Республикасының азаматы Бозорбой Сатволдиев екенін білдік. Маңғыстау облысына бағыт алып барады. Діттеген жері – Сауд Арабиясындағы Меккеге жетіп, қажылық парызын өтеу», -дейді аудандық полиция бөлімі тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны Нұрлан Жангелов.

Полиция капитаны алыс жолға велосипедпен шыққан өзбекстандық азаматқа жол көрсетіп, азық-түлікпен, қаражатпен қамтамасыз еткен.

«Мен – Өзбекстан Республикасының азаматымын. Өзбекстан Республикасынан Меккеге қажылықты парызымды өтеу үшін велосипедпен бара жатырмын. Маған жол көрсетіп, көмек беріп жатқан Қазақстан полициясына рахметімді айтамын. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, Қазақстан полициясы жасай берсін!», -деп алғысын білдірді Бозорбой Сатволдиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық ана ит талаған сәбиін ауруханаға жеткізген полицейге алғыс айтқанын жазған едік.


Автор Бек Мұстафа
Ключевые слова: Көлік, Өзбекстан, Полиция, Атырау облысы, Қажылық,
Наверх