Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Вакцина салдырған студенттер iPhone және басқа да бағалы сыйлықтар ұтып алуда

16 Октября 2021 12:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жоғары оқу орындары вакцина салдырған студенттер арасында бағалы жүлделердің ұтыс ойынын өткізуді жалғастырып жатыр. Білім алушылар жолдамалар, iPhone маркалы ұялы телефондар, ақшалай сертификаттар және басқа да бағалы сыйлықтар ұтып алуда.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары білім алушылар мен оқытушылар арасында вакцина алуға ынталандыру шараларын әзірлеген болатын.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бүгінгі таңда студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның 99%-ы екпе салдырды. Студенттер және университет қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары мен вакцина алуға ынталандыру шаралары жалғасып жатыр. Бірінші болып вакцина алған білім алушылар оқу ақысы мен студенттер үйінде тұруға жеңілдіктер алды. Сондай-ақ оларға екпе салдырған оқытушылармен бірге фитнес орталығына абонементтер және демалыс базасына жолдамалар, ағылшын тілін оқыту курстарына сертификаттар мен IELTS/TOEFL тестілеуіне дайындық сабақтарына жеңілдіктер берілді.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде студенттер арасында Түркістан қаласына жолдама ойнатылды. Студенттер мен оқытушылар түркі әлемінің рухани астанасында болып, ежелгі қаланың көрікті жерлерімен танысты.

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында вакцина алған студенттер арасында ұтыс ойынының екінші кезеңі өткізілді. 10 студентке кітап сатып алуға арналған 10 мың теңге сомасында сертификаттар берілді.

Торайғыров университетінде екпе салдырған білім алушылар арасында iPhone маркалы ұялы телефондар, Баянауыл мен Нұр-Сұлтан қаласына жолдамалар, сондай-ақ жатақханада тұруға 50 пайыздық жеңілдіктер және фитнес-залға абонемент ойнатылды.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде вакцина алған 70 студент 10 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат алды.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде екпе салдырған студенттер арасында шипажайға жолдамалар және 25 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар ойнатылып, ұтыс ойынының екінші кезеңі өткізілді. Сондай-ақ білім алушылар спорттық-сауықтыру лагеріне жолдама алды.

Павлодар педагогикалық университетінде студенттер 10 мың теңге сомасында ақшалай сертификаттар, кино мен театр билеттері, жол жүру билеттерін ұтып, сондай-ақ жатақханада тұруға 50% жеңілдік алды.

Қостанай өңірлік университетінде вакцинаның толық курсынан өткен студенттер мен қызметкерлер арасында ұтыс ойыны болды. Жеңімпаздар әскери кафедраның оқу ақысына және жатақханада тұруға жеңілдіктер алды. Қызметкерлер арасында «Сосновый бор» сауықтыру орталығына 10 жолдама ойнатылды.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Мен өмірді таңдаймын!» акциясы ұйымдастырылды. Жеңімпаздар жоғары оқу орнында оқуға жеңілдіктер, сонымен бірге Нұр-Сұлтан және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенелеріне, Отырар қалашығына, «Керуен-сарай» кешеніне туристік жолдамалар ұтып алды.





Наверх