Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында мектепте соққыға жығылған 5-сынып оқушысы мерт болды

15 Октября 2021 17:08

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бұқаралық ақпарат құралдарында Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмғаны туралы хабар тарады. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі қайғылы жайттың мән-жайын білу үшін аталған оқиға орын алған мектеп әкімшілігіне, Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментіне жүгінген болатын.

Қаза тапқан оқушының әкесі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында немересі мектеп дәретханасында соққыға жығылғанын, ал дәрігерлер баланың басында ауыр жарақат болғанын айтады.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың жағдайы өте ауыр болғанын растап отыр.

«Олар бізге 2-3 күннен кейін ғана жүгінді. Оған дейін баланы үйде емдеген. Жағдайы өте ауыр болды. Медициналық сараптаманың алдын ала диагнозы – бас миы ісінуі, жүректің кенеттен тоқтап қалуы», - деді басқармадан.



Ал №18 мектеп-лицейінің директоры Уәлихан Бесімбаев баланы ұрып-соққаны жайында естімегенін айтады.

«Бала мектепке келіп жүрді, барлық сабаққа қатысты. Әжесінің айтуынша, бұл жайт 6 қазан, сәрсенбі күні болған. Ал бейсенді мен жұмада ол күн сайын сабаққа келіп жүрді. Дүйсенбіде де сабақта болды. Баланың оқу үлгерімі орташа. Бала өте көңілді жүретін, сабаққа да жақсы қатысатын. Психологтар бейімдеу тренингін өткізді. Ол өте байсалды бала еді. Әжесі оны мектепке өзі алып келіп, сынып жетекшісіне оқушылардың бірі оған тиіскенін айтыпты. Содан кейін сол балаға ескерту жасауды өтінген. Олар кішкентай балар, 0-сыныптан бері бірге оқиды. Алтыншы сабақта баланың дене қызуы көтерілген. Ағасы мектептен алып кетті. Үйінде тағы дене қызуы көтеріліп, осындай жағдай орын алды. Бұл жайында естігенде естен тана жаздадық. Ұрып-соғу жайында біз айтқан емеспіз, тіпті естіген де жоқпыз. Енді барлығын сараптама шешеді», - деді мектеп директоры.

Түркістан облыстық Полиция департаменті де тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Бірқатар сараптама тағайындалды. Оның қорытындысымен ҚР заңы аясында шешім қабылданатын болады», - деді департамент баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.


Видео: КТК телеарнасынан


Автор Марлан Жиембай
Ключевые слова: Видео, Аймақ, Түркістан облысы, Оқиға,
Наверх