Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тергеудегі күдікті қашып кеткен Шымкент абақтысының 17 қызметкері жазаға тартылды

14 Мая 2022 21:43

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі уақытша ұстау абақтысының 17 қызметкері өз міндеттерін бұзғаны үшін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Бұл шара жуырда абақтыдан күдіктінің қашып кетуіне байланысты қолданылып отыр. ҚазАқпарат тілшісі бұл туралы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған департаменттің баспасөз қызметі мәліметінше, 17 қызметкерден бөлек, аталған абақтының тағы 1 қызметкері жұмысынан босатылды.

«Шымкент қаласының полиция департаменті аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 426-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Ал Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тексеру жүргізуде. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері жария етуге жатпайды», - делінген департаменттің хабарламасында.

Айта кетейік, биылғы 11 мамырда Шымкент қаласының тергеу изоляторынан күдікті қашып кеткен болатын. Ол Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін күдікті деп танылған. Оның уақытша ұстау абақтысынан қашқан видеожазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сезікті 12 мамыр күні ұсталды.



Наверх