Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Жаһандық бейбітшілік аманаты

7 Декабря 2021 10:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманағы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Жаһандық бейбітшілік аманаты

Әділ АХМЕТОВ

Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат

Геосаясаттағы қазақстандық жол бүкіл әлемге белгілі – бұл бейбітшілік, бірлік және келісім идеяларын ұстану. Бұл – біз тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көпвекторлы бағыты аясында салып келе жатқан сыртқы саясаттағы әріптестік және тепе-теңдік қатынастардың үлгісі. Бұл – ел ішінде де, бүкіл әлемде де кеңінен қолдау тауып отырған бағыт. Сондықтан біздің республикамыздың әрбір өкілі халықаралық аренада, соның ішінде әртүрлі жаһандық ұйымдарда толерантты және өзара тең қарым-қатынастың қазақстандық моделін ілгерілетуге және дамытуға ұмтылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған кезімде мен бес жыл бойы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысына ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде белсене қатыстым. Менің тікелей міндеттерім мұсылмандарға қатысты кемсітушілікке қарсы күрес және олардың құқықтарын қамтамасыз ету болды. Біз АҚШ, Канада, Англия, Франция, Германия, Италия, Испания, Сербияда көптеген тақырыптық кездесулер өткіздік. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша мен жыл сайын Венадағы ЕҚЫҰ Кеңесіне баяндама дайындайтынмын.

Сонымен қатар, 2009 жылы әртүрлі мұсылман ұйымдарының өкілдерімен өткізілген көптеген пікірталастардың қорытындылары бойынша Хельсинки комиссиясына баяндама дайындау аса маңызды міндет болды. Бұл әсіресе Америка Құрама Штаттарында және Батыстың басқа мемлекеттерінде өткір тұрған мәселе еді. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғалардан кейін бірқатар елдердегі қоғам арасында мұсылмандарға деген көзқарасы айтарлықтай өзгергені белгілі. Кейбір өңірлерде ислам әлемінің өкілдерін – «террористер», «экстремистер», «фундаменталистер» сияқты және т.б. айыптаулар тағылған тұрақты стереотип қалыптасты. Бірақ ақиқаты сол, мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабында мұндай зорлық-зомбылыққа үндеу атымен жоқ.

Тарихи тұрғыдан алатын болсақ, мұсылмандар Киелі кітапты, Інжілді немесе Тауратты өртеген емес, ал Құранға қатысты қара ниет әрекеттер жиі жасалды – қасиетті кітапты өртеді, мұсылман мешіттеріне шабуыл жасалып, ислам дінін ұстанғандар соққы жеді. Міне, осы тұста Америка билігі үшін Қазақстан мен ЕҚЫҰ тарапынан дайындалған мұндай баяндамалар күтпеген жайт болды десе де болады. Біз оларға АҚШ-тың мұсылман ұйымдары өтінген мәселесінің, сұрақтарының бәрін жеткізуге тырыстық. Ондай ұйымдар, қысым көріп жатқан ислам діні өкілдері бізге үлкен сенім артты. Біздің тарапымыздан нақты қадамдарды күтті. Қазақта мұны «аманат» дейді. Ал біз осы аманатты арқалай жүріп, қолдан келгенше бәрін атқардық. Баяндама өзгеріссіз, кеңінен жария болды. Баяндаманың ертесінде мен Хельсинки комиссиясының сайтын тексердім - адам құқықтарына қатысты біз айтқан барлық мәселелер, көтерілген проблемалар, қойылған сұрақтар біреуі қалмай сөзбе-сөз жарияланыпты.

Мынандай жайт көпке онша белгілі емес болуы мүмкін: 2008 жылға дейін кез келген жас мемлекет сияқты Қазақстан да ЕҚЫҰ тарапынан жиі сынға ұшырап келген еді. Бізді көбінесе сөз, пікір, ар-ождан бостандығы жеткілікті емес деп сынайтын. Ал шындығында, бұндай бостандық қазақ арасында атам заманнан бері болған. Халқымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жақсы мақалы бар. Қазақстанда әрбір азамат сөз бостандығына құқылы, Конституция бойынша барлық заңды құқықтарды пайдаланады және ондай құқықтар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі хартиясымен, халықаралық заңдармен қорғалған - бұл даусыз факт.

Қазақстан астанасында мешіттің жанында синагога мен шіркеу орналасқан. Бұндай көріністі бас қаладан ғана емес, бірқатар облыс орталықтарынан да байқауға болады. Көп ұлтты республикамызда 130 этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату өмір кешуде. Осының бәрін біз әлемге көрсете алдық. Соның ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, біздің халықаралық аренадағы белсенді қимылымыз күмәндар мен таптаурын ұғымдарды еңсеруге мүмкіндік берді және мемлекет басқарудың қазақстандық моделі демократиялық, еркін және тиімді деп танылады.


Наверх