Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Су ресурстары жүйесін дамытуға қатысты білім беру бағдарламалары жаңартылады

22 Мая 2022 19:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Су ресурстарын басқару жүйесін дамытуға қатысты білім беру бағдарламаларын жаңарту жоспарланған. Бұл туралы сенаторлардың депутаттық сауалына жолдаған жауабында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су шаруашылығының барлық бағыттары мен деңгейлері бойынша білікті кадрлар даярлау жағдайын жақсарту үшін 2020 жылы М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Су шаруашылығы және табиғат орналастыру институты» ашылды. Институттың бакалавриаты мен магистратурасы аясында «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар», «Гидротехникалық мелиорация», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», ал докторантура бағытында «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар» білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Биыл институт базасында «Академиялық артықшылық орталығы» ашылды, оның негізгі міндеті - су ресурстарын басқарудағы жаңа технологияларды зерделеу және оларды оқу процесіне кіріктіру үшін ғылыми ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау», - делінген Үкімет басшысының сенаторларға берген жауабында.

Айтуынша, Небраска штатының университетімен (АҚШ) ынтымақтастық жолға қойылды, онымен ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологиялары пысықталып жатыр. Ұсынылған технологиялармен танысқаннан кейін, оларды Қазақстан жағдайында пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан ғылыми ұйымдармен талқылау жүргізіледі. Осы орайда, тиісті оқу бағдарламалары үшін модульдер әзірленетін болады.

«Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін инновациялық пәндерді қоса отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту ескерілген. Атап айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қолдауымен «Гидротехникалық құрылысжайлар салу» білім беру бағдарламасын әзірлеу жүргізіліп жатыр. Жалпы, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында және қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тиісті шаралар қабылданып жатыр», - дейді Ә. Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы жаңа Су кодексінің жобасы Парламентке енгізіледі.

Биыл ақпан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін жаңа Су кодексін әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, су ресурстарын басқарудың жеке мемлекеттік органы құрылмайтыны мәлім болды.


Наверх