Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ның тұрақтандыру қорында 3 мың тоннадан астам азық-түлік бар

17 Сентября 2021 02:29

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрақтандыру қорының өнімдері 26 сауда орны мен базарларда сатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында тұрақтандыру қорының жұмысы талқыға түсті.

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, 2022 жылға 5 мың 200 тоннаға жуық өнім сатып алынған. Тағы жергілікті тауар өндірушілерден 3 мың 935 тонна сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорынан үлкен көлемде қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн, макарон өнімдері, қант, тұз, құс еті мен көкөністер сатылып жатыр.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 19 өнім кірсе, соның 12 түрі 26 сауда желісінде және базарлардағы тұрақтандыру қорының сауда орындарында сатылып жатыр. Кей өнім ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден тікелей жеткізіледі. «Радуга» ЖШС-не жеңілдетілген қарыз беріліп, нәтижесінде дүкен сөрелерінен «Майское» күнбағыс майын 555 теңгеге табуға болады. Сондай-ақ, көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін картоп, сәбіз және пияз сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», - дейді Данияр Исаев.

Сауда желілерінің, көтерме саудамен айналысатын кәсіпорындардың басшыларымен және кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендету туралы 619 меморандумға қол қойылды. Осыған қарамастан, өңірлік даму жөніндегі кеңестің төрағасы мемлекеттік органдар тарапынан бағаны негізсіз көтеретін нарық субъектілеріне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тамақ өнімдеріне шекті бағаларды белгілеуді ұсынды.

Қоғамдық кеңесте төрт түлікті жемазықпен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Қазір облыста шамамен 390 мың ірі қара мал, 430 мың қой-ешкі және 134 мың жылқы бар. Мал қыстап шығуы үшін 850 мың тонна шөп дайындау қажет.

«Осы уақытқа дейін облыс бойынша 833 мың тонна шөп дайындалды, бұл қажеттіліктің 98 %-ы. Бұдан басқа жеткілікті деңгейден артық - 197,9 мың тонна пішендеме, 106,7 мың тонна сүрлем - қажеттілік 194 мың тонна және 242,3 мың тонна сабан – қажеттілік 784 мың тонна дайындалды. Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін 498,3 мың тонна шөп әзірленді, бұл қажеттіліктің 97,7% құрайды. Облыс бойынша 122 мың жеке тұрғын үй бар, оның жартысы мал ұстайды. Бұл тұрғындар 98 % шөппен қамтамасыз етілген», - дейді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Жем-шөп дайындау шығындарын азайту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша 4,7 мың тонна көлемінде арзандатылған жанар-жағар май бөлінді, сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткзіліп келеді. Мемлекеттің қолдауын көріп отырған агроқұрылымдардың басшылары мен ауылдық округтердің әкімдіктері арасында халыққа азық-түлікті төмендетілген бағамен сату бойынша меморандумдар жасалды.


Наверх