Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да кәсіпкерлер палатасы мен әкімшілік сот меморандум жасасты

27 Сентября 2021 16:47

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов пен СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бердібек Мұстафин өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты өз жұмысын биыл 1 шілдеде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті енгізумен бастады. Бұл сотта азамат немесе заңды тұлға (кәсіпорын) мен мемлекеттік орган арасындағы даулар қаралады. Яғни, әдетте, бұл мемлекеттік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану бойынша істер.

СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметовтің айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін жан-жақты қорғау, бизнес субъектілерінің мемлекеттік органдармен дауларын бейбіт жолмен реттеу.

«Биыл жыл басынан өңірлік кәсіпкерлер палатасы жалпы сомасы 670 млн теңгеге бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғады, өтініштердің 56 %-ы оң шешілді. Сот ісін жүргізудің жаңа түрі дауларды мемлекеттік органдармен татуласу арқылы шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, татуластыру рәсімдері институтын дамыту және енгізу бизнесті қорғаудың болашағы бар құралдарының бірі болмақ. Сондықтан Меморандум аясында өңірлік палата мен СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының әріптестігі бизнес субъектілерінің мемлекеттік институттармен дауларын бейбіт жолмен реттеуде жүйелі жұмысты құруға бағытталған», - дейді Әлібек Әшметов.

Бұрын кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы дауды шешуде татуластыру туралы келісім жасауға болмайтын. Бүгінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот қараған істердің жартысынан көбі татуласу арқылы аяқталған.

«Бізге 160-тан астам іс келіп түсті, олардың 60-қа жуығы қаралды. Олардың көпшілігі екі тараптың татуласу туралы келісім жасасуымен аяқталды. Бұл 2021 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген жаңа кодекстің арқасында мүмкін болды, онда талапкерлер мемлекеттік органдармен келісе алады. Бұрын қолданылған Кодексте талапкердің мемлекеттік органмен татуласуына шектеу болған. Сондықтан біз тараптарды осы жаңалықпен таныстырамыз. Бүгін осы институтты дамытуға бағытталған меморандум жасастық», – дейді СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бердібек Мұстафин.


Наверх