Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да ішкілікке салынған анасына байланысты екі баланың құқығы қорғалды

20 Сентября 2021 14:59

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сот спирттік ішімдікке тәуелді әйелдің балаларын қасына алу туралы талап-арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сотының мәліметінше, өткен аптада облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы 53 іс пен материалды қарады, яғни бір судьяға 9 істен келген. Оның ішінде еңбек, келісімшарттық даулар, мұрагерлік қатынастардағы даулар, залалды өтеу туралы, мемлекеттік сатып алу саласында, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен шешімдерімен келіспеу, корпоративтік, сақтандыру, салық даулары, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы даулар бар.

Соның бірі - балалардың тұрғылықты жерін анықтауға байланысты. 6 және 8 жастағы қызы бар әйел балаларының өзімен бірге тұруы үшін сотқа арызданған. Алайда сот оның талап-арызын қанағаттандырмады.

«Талапкер «Алкогольді тұтынудан туындаған психикалық мінез-құлық бұзылыстары. Тәуелділік синдромы» диагнозы бойынша есепте тұр. Тәуелділіктен арылудың оң динамикасы жоқ, кез келген уақытта тағы да ішімдікке салынуы мүмкін. Емдеуден кейін де ол алкогольді ішуді жалғастырды. Бұл жағдайда балалардың анасымен бірге тұруы олардың мүдделерін бұзады, ауыр салдарға әкеледі және балалардың психологиялық жағдайына, олардың адамгершілік тәрбиесі мен дамуына теріс әсер етеді. Сол себепті сот шешімі өзгеріссіз қалды, ананың шағымы қанағаттандырылмады», - делінген хабарламада.

Сот алқасы талапкер алкогольге тәуелділіктен толық арылған және есептен шығарылған жағдайда ғана балалардың тұрғылықты жері мәселесін жауапкермен, яғни әкесімен бірлесіп шешуге құқылы екенін түсіндірді. Ал келіспеушіліктер туындаған жағдайда қайтадан сотқа жүгіне алады.


Наверх