Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ШҚО-да бала тасымалдау ережесін бұзған 717 жүргізуші жауапқа тартылды

17 Мая 2022 01:31

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бала тасымалдау ережесін бұзған 700-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында 25 сәуірден бастап «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасын өткізуде. Мұндағы мақсат – балалармен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оқушылардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысының дағдыларын бекіту.

«Шара басталғалы бері бала тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 717 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер мектеп оқушылары арасында «Жолдар мен көшелердегі тәртіп – қауіпсіздік кепілі!» тақырыбында тренингтер өткізді. Балаларға арнайы жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылды. Оқушыларды жолдағы қауіпсіздік ережелеріне теориялық және практикалық тұрғыдан үйрету үшін облыстағы әр мектепте қозғалыс қауіпсіздігі бұрыштары қойылған», - делінген ақпаратта.

Осы күндері жол полициясы бөлімшелерінің посттары мен патрульдік маршруттары оқу орындарына барынша жақын орналастырылды. Бұл ретте балалардың жол апатынан жарақаттануын болдырмау үшін жол ережелерін бұзылуының жолын кесуге баса назар аударылуда.

Департамент қызметкерлері өңір тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырады.


Наверх