Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шетелдегі қазақтілді БАҚ-пен тәжірибе алмасуды жолға қою керек – Елдос Наширали

27 Октября 2021 16:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдегі қазақтілді БАҚ өкілдерімен тәжірибе алмасуды жолға қою керек. Мұндай ұсынысты «ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы Елдос Наширали білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздігіміздің арқасында шетелдегі қандастарымызды елге әкелумен қатар, ондағы жұртшылықпен тығыз байланыс орнатудың мүмкіндігі туды. Осы орайда «Отандастар қорының» басшылығына алғыс айтамыз.

Бүгін құрылып отырған Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциация қызметіне қатысты бірнеше ұсыныс бар. Соның біріншісі, отандық және шетелдегі қазақтілді БАҚ өкілдерінің өзара тәжірибе алмасу жағы қарастырылса. Шетелдегі әріптестеріміз елге келіп, өз тәжірибелерімен бөліссе, тиісінше біз олармен бөлісе отырсақ деген ниет бар. Немесе онлайн ұйымдастыруға да болады. Екінші ұсыныс, бірнеше жыл болды «ҚазАқпарат» агенттігінің сайтына апта сайын «Шетелдегі қазақтілді БАҚ жұмысына шолу» шығып тұрады. Қазіргі таңда шетелде қазақтілді 88 БАҚ-тың жұмыс істеп тұрғаны жаңа ғана айтылды. Осы орайда сол БАҚ-тармен өзара ақпарат алмасу жағын алға қойсақ», - деді Елдос Наширали Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясының құрылуына арналған шарада.

Сондай-ақ басқарма төрағасы «Отандастар қорының» сайтында арнайы айдар ашу идеясын да ұсынды.

«Келесі мәселе, біздің білуімізше Моңғолия, Өзбекстан елдеріндегі қазақтілді БАҚ-тың сайты жоқ. Бұл осыдан 2 жыл бұрын талқыланған мәселе. Осы орайда аталған елдердегі БАҚ-тың интернет-парақшаларын ашуға қол ұшымызды созып, септігімізді тигізсек деген ұсыныс бар», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктірген ассоциация құрылды.

Аталған қоғамдық ұйымға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп төрағалық етеді.


Автор Әли Ибраев
Ключевые слова: Қоғам, Азаматтық қоғам, Қандастар, БАҚ,
Наверх