Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Саяси қуғын-сүргін соғыс жылдары да, соғыстан кейін де жалғасқан – Мемлекеттік комиссия

27 Октября 2021 17:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, комиссия қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқындардың қалай жазаланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Большевиктік-сталиндік биліктің 1920-30 жылдардағы саяси қуғын-сүргінін жалғастырсақ, оның жазалаушы органдары соғыстың алғашқы күндері-ақ әскери тұтқындарын қуғын-сүргінге ұшыратуға негізі бар нормативтік-құқықтық актілер қабылдаған. Осылайша, 1941 жылы 28 маусымда соғыстың басталғанына бір апта өткенде НКВД, НКГБ және КСРО прокуратурасы Сталиннің нұсқауымен отанын сатқандар мен олардың отбасы мүшелерін жауапқа тарту туралы бірлескен бұйрық қабылдаған. Мұндай актілердің он шақтысы қабылданды, біз оларға саяси-құқықтық баға беруіміз керек.

Жалпы мәніне келсек, сталиндік билік ең алдымен өзінің саяси қателіктерін, Гитлермен ынтымақтастық пен Еуропаны бөліп алу қылмысын және Германияда фашизмнің дамуы мен нығаюына ықпал еткенін жасыру үшін қарапайым сарбаздар мен офицерлерді отанын сатқандар, халық жаулары деп атады. Екіншіден, осы және басқа да кейінгі актілерде бұрынғыдай, сталиндік билік тұтқындалған сарбаздар мен офицерлердің жазықсыз отбасы мүшелері мен туыстарын жауапқа тартып, тұтқындап, мемлекеттік жәрдемақылар мен көмектерден айыру туралы шешім қабылдады. Бұл сталиндік идеология мен тактиканың зұлымдығы мен айла-амалы, жауапкершілікті өздерінен алып басқаларға жүктеу және жаппай саяси қуғын-сүргінге қайтадан жол ашу үшін жауын кінәлі етіп көрсеткен», - деді С. Қасымов «1939-1945 жылдары фашистік Германияда және «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау» жөніндегі семинарда.

Спикер соғыс жылдары бұрын болған таптық жаулар мен саяси қарсыластар болмаса да, жаппай қуғын-сүргіннің саяси механизмі іске қосылғанын атап өтті.

«Кейін бейбақ соғыс тұтқындары тыңшылық, шетелдік барлау және басқа да ақылға қонбайтын қылмыстар үшін айыпталды. Осылайша, кеңестік соғыс тұтқындары қоғамдық санада отанын сатқан, халық жауы ұғымдарымен байланысты болды. Отанына оралған соң олар сүзгілеу лагерлеріне қамалды, тиісінше, халық жауы ретінде оларды саяси қуғын-сүргінге, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, ату және басқа да жазалау шараларына ұшыратты», - дейді С. Қасымов.

Заңгердің айтуынша, КСРО мен Қазақстанның жазалаушы органдарының құқық қолдану практикасын зерттеу ұлтшыл Германияның ешқандай әскери және басқа ұйымдарында болмаған тұтқындардың да қуғын-сүргінге ұшырағанын көрсетті. Тіпті немістер тыл жұмыстарында қолданған жұмыс батальондары да өз отанына оралғанда қуғын-сүргінге тап болған.

«1945 жылдың шілдесінде НКВД-ның репатриацияланған кеңес азаматтарын есепке алу және тіркеу тәртібі туралы нұсқаулықты жариялау бұйрығы шықты. Осы нұсқауларға сәйкес, барлық оралған әскери тұтқындар, тіпті бейбіт тұрғындар да халық жауы ретінде қарастырылған. 1948 жылы қабылданған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазасын өтеу үшін шалғай елдімекендерге жер аудару туралы жарлығында әскери тұтқындарға, оның ішінде қазақтарға қатысты қуғын-сүргіннің екінші толқыны басталды, өйткені олар аса қауіпті қылмыскерлер қатарына енгізілді. Сталин қайтыс болған соң ғана 1955 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының екінші дүниежүзілік соғысы кезінде басқыншылармен жұмыс істеген кеңес азаматтарына рақымшылық жасау туралы жарлығы қабылданды. КОКП ОК Президиумы әскери тұтқындар мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты өрескел бұзушылықты мойындады», - деді С. Қасымов.

Айта кетейік, бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 1939-1945 жылдары фашистік Германияда және «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау жөнінде семинар өткізді.

Бұған дейін С. Қасымов 3 миллион 900 мың кеңес әскері тек алғашқы бес айдың ішінде КСРО басшылығының кінәсінен фашистердің тұтқынына түскенін айтқан еді.

Сонымен бірге, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда фашист тұтқынына түскен 47 мыңнан астам қазақ аман қалған. Оның 23 мыңы Қазақстанға қайтарылды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз.


Наверх