Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент Жолдауында қандай әлеуметтік бастамалар айтылды – сарапшы

20 Сентября 2021 15:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зертеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров Президент Жолдауында айтылған қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес бастама туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың ерекшелігі – оның әлеуметтік бағытта болуы. Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігінің өміріне әсер ететін бірқатар бастамаларды атап өтті. Бірінші бастама аясында ең төменгі жалақы мөлшерін 42500 теңгеден 60000 теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды. Ең төменгі жалақы — кез келген жұмыс істейтін қазақстандыққа мемлекет тарапынан әлеуметтік кепіл. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан еңбекақы төлеудің төменгі деңгейін белгілеу және барлық жұмыс берушілердің бұл талапты орындауын бақылау еңбекақы төлеудің конституциялық құқығын қорғауға арналған. Ең төменгі жалақының өсуі Қазақстанның ішкі тұтыну көлемін ұлғайтады және ЖІӨ өсуіне ықпал етеді», - деді С. Ахметжаров.

Екінші және үшінші бастамалар аясында Мемлекет басшысы бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандырудың «ұтымды» шараларын әзірлеуді және бизнеске жиынтық жүктемені 34%-дан 25%-ға дейін төмендетіп, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді тапсырды.

«Қазіргі уақытта қазақстандық бизнес өз қызметкерлері үшін ай сайын бес төлем төлеуге міндетті, олар әрбір жалақының 34%-ын құрайды. Атап айтқанда, төлемдер тізіміне жеке табыс салығы, зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарна, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар кіреді. Өз кезегінде ҚР Президентінің еңбекақы төлеу қорынан жүктемені азайту жөніндегі ұсынысы жұмыс берушілердің «көлеңкеден шығуына» ықпал ететін болады. Сонымен бірге, барлық төлемдерді бірыңғай төлемге біріктіру қажетті аударымдарды жүзеге асыру міндетін айтарлықтай жеңілдетеді», - дейді сарапшы.

Ал төртінші бастама аясында Мемлекет басшысы азаматтық қызметшілердің жалақысын жүйелі түрде арттыруды тапсырды. Қазақстанда барлығы 1,2 млн-ға жуық азаматтық қызметші бар. Оның ішінде 600 мыңы – педагогтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер санаты. Тағы 600 мыңға жуық адам – осы уақытқа дейін жалақысы көтерілмеген барлық қызмет салаларына ортақ жұмысшылар.

«Айта кетейік, жол картасын жүзеге асыру аясында бүгінде педагогтардың орташа айлық жалақысы 234 мың теңгеге, дәрігерлердікі 320 мың теңгеге, әлеуметтік қызметкерлердікі 180 мың теңгеге, мемлекеттік қызметшілердікі 267 мың теңгеге жетті. Енді Президент тапсырмасына сәйкес, жалақыны көтеру мәдениет саласының қызметкерлеріне, мұрағатшыларға, кітапханашыларға, техникалық қызметкерлерге, қорықшыларға, жүргізушілерге және басқаларға да қатысты болады. Осы санаттағы қызметкерлер жалақысының 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20%-ға өсуі олардың қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді ҚСЗИ өкілі.

Сонымен бірге, бесінші бастама аясында Мемлекет басшысы тұрғын үй сатып алу бойынша халыққа жеңіл нұсқалар беру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Атап айтқанда, халықтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін кредит беру бағдарламасын күшейту жүргізіледі.

Сарапшының айтуынша, «Отбасы банктің» жинақ механизмдері азаматтарды тұрғын үй несиесін алу үшін депозитке үнемі жарналар аударуға ынталандырады. «Отбасы банк» жүйесі арқылы тұрғын үй несиесін беру тұрғындарға алдын ала жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамаларын іске асыру экономиканың теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге, адам капиталының деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және алдағы кезеңде Қазақстанның жүйелі дамуы үшін басқа да маңызды мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ел Үкіметінің алдында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарын әзірлеу міндеті тұр. Өз кезегінде, Парламент пен мәслихат депутаттары және жұртшылық Жолдау тармақтарының орындалуын бақылауы қажет», - деді С. Ахметжаров.


Автор Айжан Серікжанқызы
Ключевые слова: Әлеуметтік қолдау, Жолдау 2021, Жолдау,
Наверх