Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ОСК қоғамдық бірлестік өкілдерінің референдумға қатысу тәртібін түсіндірді

17 Мая 2022 13:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Орталық референдум комиссиясының отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров қоғамдық бірлестік өкілдерінің референдумға қатысу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОСК мәліметіне қарағанда, 2022 жылғы 5 маусымда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден бастап кешкі сағат жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды дауыс беру өтетін күннен он күн бұрын, яғни 2022 жылғы 25 мамырға дейін бұқаралық ақпарат құралдары және өзге де тәсілдермен хабардар етеді.

Константин Петровтың айтуынша, дауыс беру күні учаске ашылған кезден бастап референдум учаскесінде дауыстарды санау нәтижелері анықталғанға дейін республиканың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.

«Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға әзірлік пен оны өткізу барысын жария етеді, олардың референдум комиссиялары жанында аккредиттелген өкілдерінің референдум өткізуге байланысты іс-шараларға қатысуына кепілдік беріледі.

«Республикалық референдум өткізу кезінде Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылардың өкілеттіктерін куәландыру қағидаларын бекіту туралы» Орталық референдум комиссиясы қаулысының жобасы белгіленген тәртіппен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған», - деді ОСК төрағасының орынбасары.

Ережеде республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру үшін учаскеге өкілдерді жіберетін қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен елімізде тіркелуі тиіс деп көзделген.

«Республикалық референдум өткізу кезінде қоғамдық бірлестіктің өкілі Қазақстан Республикасының азаматы ғана бола алады. Қоғамдық бірлестік өкілінің өкілеттігі оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда расталады. Бұл құжат өкілді жіберген қоғамдық бірлестіктің мөрімен расталады», - деді К. Петров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 10 013 референдум учаскесі іске қосылады.

Орталық референдум комиссиясы бюллетеньдерді дайындауға қатысты қаулы қабылдады.


Наверх