Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекеттік сатып алулар шағын және жаңа бизнеске қолжетімді бола түседі

14 Октября 2021 18:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда шағын және жаңа бизнес үшін мемлекеттік сатып алуларды барынша қолжетімді ету жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бәсекелестікті дамытудың келесі бағыты – тауарларды конкурстан тыс сатып алуды қысқарту. Аралас экономика жағдайында сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекет экономиканың бірқатар салалары үшін ең ірі тұтынушы ретінде әрекет етеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар – кәсіпкерлікті қолдаудың қуатты құралы болып отыр. Сондықтан біз шағын және жаңа бизнес үшін сатып алуларға қолжетімділікті барынша жеңілдетуіміз керек. Сонымен бірге, сатып алу рәсімдері мен бюджет шығыстарын оңтайландыру тұрғысынан лоттарды ірілендіріп, сатып алуды орталықтандыру, қаржылық тұрақтылық, салық төлемдері, жұмыс тәжірибесі бойынша жоғары талап қою жүріп жатыр, бұл жаңадан бастайтындар мен шағын кәсіпорындар үшін сатып алуға қолжетімділікті толығымен қамтиды», - деді Рустам Ахметов Мәжілістегі дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, тағы бір шешілмеген мәселе – бір көзден сатып алу. 2020 жылғы деректерге сәйкес бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 2 трлн 300 млрд теңгеден асты, бұл мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінің 40%-ын немесе ЖІӨ-нің 3,6%-ын құрайды.

«Осыған байланысты қазіргі кезеңде бір көзден сатып алудың 8 негіздемесін қолдануды шектеу ұсынылып отыр, оның екеуін толығымен алып тастау керек. Осы шағын өзгерістерді іске асырудан жыл сайын 49 млрд теңгеден астам экономикалық тиімділік байқалуы мүмкін», - деді спикер.

Оның айтуынша, бәсекеге қабілетсіз сатып алуды қысқартудың тағы бір тәсілі – мемлекеттік тапсырмаларды бөлу үшін негіздемелердің толық тізбесін айқындау. Статистика көрсеткендей, мемлекеттік тапсырмаларға бөлінетін қаражат көлемі 2018 жылғы 171 млрд теңгеден 2020 жылы 378 млрд теңгеге дейін жыл сайын өсіп келеді.

«Ұсынылып отырған тізбе мемлекеттік тапсырмаларды қаржыландырудың өсуін шектеуге және одан әрі қысқарту үшін құқықтық негіз қалауға мүмкіндік береді. Заң жобасында ұсынылған қысқартудан 30 млрд теңге үнемделуі мүмкін», - деді Рустам Ахметов.


Наверх