Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Медаль алуға барлық күшімізді саламыз - Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері

27 Января 2022 09:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы елдегі соңғы жаттығуларын аяқтап, бүгін Бейжің қаласына ұшады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков мырзаға қоңырау шалып, Олимпиада алдындағы дайындығы туралы сұрап білдік.

Телефон тұтқасын екі-үш мәрте қоңыраудан кейін көтерген бапкер бірден қатты қарбалас, көп сұраққа жауап беруге уақыты жоқ екенін айтты.

- Олимпиадаға аттанғалы жатырмыз. Тым қарбалас едік, деп бастады сөзін бапкер.

- Жолдарыңыз болсын! Қандай дайындықпен кетіп бара жатырсыздар?

- Дайындығымыз жаман емес. Жоспар бойынша барлық оқу-жаттығудан өттік.

- Бұйырса «медаль алуға мүмкіндігіміз бар» дейсіз ғой...

- Медаль алуға барлық күшімізді саламыз. Үздік мамандарды жинап жаттығу жасадық. Қазақстанда да, Ресейде де жаттықтық. Көрші елдердің үздік спортшылары спарринг қарсылас болды. Енді, медаль алуға Бейжіңде бар күшімізді саламыз.

- Сіздің шәкіртіңіз Абзал Әжіғалиев екінші мәрте Олипиадада Қазақстан туын алып шығу құрметіне лайық деп танылды. Бұл Әжіғалиевке үлкен жауапкершілік екені анық. Жалпы шәкірттеріңіздің ішінен кімді жүлдеге лайық деп санайсыз?

- Бұл жігітке үлкен үміт артылып отырғаны анық. Алайда мен өзім бапкер ретінде барлық шәкірттерімді жүлдеге лайық деп есептеймін.

- Шәкірттеріңізбен де аз-кем әңгімелессек, қарсылығыңыз болмаса...

- Ренжімеңіз, Олимпиадаға дейін барлық шәкірттерім тілшілерге жабық.

- Рахмет! сәттілік серік болсын...


Фото: inbussines.kz


Автор Күнсұлтан Отарбай
Ключевые слова: Спорт, Олимпиада-2022, Олимпиада,
Наверх