Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Құрбан Айттың алғашқы күні 40 мың отбасыға ет таратылды – ҚМДБ

21 Июля 2021 14:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Айт мерекесінің бірінші күні Қазақстанда 40 мыңнан астам отбасыға ет таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі 4 қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында биыл тағы да қашықтан құрбан шалуды қолға алып, WWW.QURBAN2021.KZ сайтын іске қосқан болатын. Жоба мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну», - делінген ҚМДБ хабарламасында.

Құрбан айттың алғашқы күніндегі мәлімет бойынша республика деңгейінде qurban2021.kz сайты арқылы 2 132 адам құрбандық шалуға тапсырыс берсе, еліміз бойынша жалпы саны 7 670 мал шалынған.

«Оның ішінде 6740 қой, 603 ірі қара, 318 ешкі, 9 түйе бар. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, еліміз бойынша 40 156 отбасыға құрбандық еті таратылды. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Баршаңыз шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасып отырсыздар. Көмек алған жандардың сіздерге жолдаған дұға-тілектері қабыл болғай. Жаратқан Жаббар Иеміз мерейлеріңізді үстем етіп, екі дүниенің нығметі мен құрметіне бөленуді нәсіп еткей. Әмин!», - деп хабарлады діни басқарма.

Айта кетейік, 2021 жылы құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитария ережелерін қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында құрбан шалу рәсімі qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде өткізу.



Автор Айжан Серікжанқызы
Ключевые слова: Діни басқарма, Қайырымдылық, Құрбан айт,
Наверх