Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық ғалым Ыбырайтанудың тұлғалық модель жобасын дайындады

31 Июля 2021 15:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Ыбырайтану әлемі – ұлттық құндылығымыз!» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелге Тәуелсіздік алғаннан бері Академияда қызмет еткен құрметті ардагерлер, Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметін, шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, академияның ғалымдары мен қызметкерлері, сарапшылар жиналды. Сондай-ақ Академияның тәуелсіздік жылдарындағы басшылары Ж. Дадебаев, Ө. Озғанбаев, Қ. Арынов, А.Құсайынов, Т. Балықбаев, Ж. Жылбаевта қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты Ы. Алтынсариннің еңбектерін жастарға, кейінгі ұрпаққа дәріптеу жолдарын тұжырымдау болып табылады.

Осыған қарай басқосуда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шаргүл Таубаева Академиямен бірлесіп тұлғатану аясында Ыбырайтанудың тұлғалық модель жобасын жасағандығын жеткізді.

Профессордың ойынша, Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесінің логикалық-құрылымдық моделі мынадай бағыттарды құрайды: 1) Алтынсаринің дүниетанымы; 2) Әдістемелік көзқарасы; 3) Зерттеген ғалымдар; 4) Мектептегі оқыту үдерісі; 5) Оқытуда халық поэзиясын пайдалану; 6) Мектепті ұйымдастыруы; 7) Тәрбиелік мұрасы; 8) Психологиялық мұрасы; 9) Дидактикалық мұрасы.




«XXI ғасырдағы мектеп ұстаздарының алдындағы міндеті – егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырып, имандылыққа, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу. Сондықтан бұл ұсынылған жобаның тәрбиелік мәні зор болмақ»,- деп атап өтті ғалым Ш. Таубаева.

Қоғам қайраткері Ө. Озғанбаев әр ұлттың алдымен өз қойнауынан шыққан тарихпен сусындайтындығын, біздің осы кезге дейінгі ілім-білім тұтастығын Ыбырайтану мұралары келе жатқандығына көңіл аударды.

Бұл ретте Ө. Озғанбаев саяси қуғын-сүргін бойынша ұлттық комиссия құрылғанын атап өте отыра, ХХ ғасырдың 30 жылдары репрессияға ұшырап құрбан болған ұлт педагогтары тұлғасына көңіл аударды.

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығын мерекелеу аясында белгілі ыбырайтанушы - ғалым Жақып Қалқаман мектептерде жаңа оқу жылын «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында сынып сағаттарынан бастауды ұсынды.

Өз кезегінде Академия ғалымы Жаумбай Қараев «Ыбырай Алтынсарин мұрасы екі ғасыр бойы ұлтты тәрбиелеп келетінін» атап өтті.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оспанұлы Серікбай зерттеуі бойынша халық көңілінде жүрген «Еңбек етсең - емерсің» мақалы Ы. Алтынсаринге тиісті екендігін айтты.

Жиын қорытындысында сарапшылар одан әрі Ыбырай мұраларын әлемдік деңгейге танытуға басымдық беретіндігіне уағдаласты.








Ключевые слова: Білім, Қоғам,
Наверх