Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда жолдың салыну барысын бақылайтын жаңа жүйе енгізіліп жатыр

25 Июля 2021 16:04

БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Елімізде жол салу құрылысы процесін бақылайтын жаңа бағдарлама жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл туралы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ «Балқаш-Бурылбайтал» жобасының жетекшісі Серік Имашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдан бастап Қазақстанда жол салу саласында «Автокөлік жобаларына мониторинг жүргізу жүйесі» атты бағдарлама енгізілді. Ол арқылы жолдың салыну процесін толықтай бақылауға болады. Яғни, жұмыс қалай жүріп жатыр, не істелініп жатыр - бәрі көз алдыңда тұрады. Оның жұмыс істеу барысына келсек, мердігер бағдарламаға жолдың салынып жатқаны туралы аралық есепті жүктейді, содан соң оны техникалық бақылау мамандары растайды, одан әрі ол мәліметтер орталық аппаратқа түседі. Ол жерде есептен бөлек, фото және видео дәлелдер де болады. Сондай-ақ, біз салынып жатқан жолдың бойына бейнебақылау камерасын қоюды да жоспарлағанбыз, дегенмен жол салу көшпелі жұмыс болғандықтан және далалық жерлерде интернет байланысының нашарлығынан әзірге ол мүмкін болмай отыр», - деді С.Имашев.




Оның айтуынша, аталған бағдарлама арқылы жол құрылысы барысын әзірге тек жауапты мамандар ғана бақылай алады.

«Алдағы уақытта жолдың салыну барысын бақылайтын бағдарлама барлық адам үшін қолжетімді болады. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаның базасына салынған мәліметтерді жөндеу немесе өшіру мүмкін емес. Сонымен қатар азаматтардың жолға қатысты қандай да бір сұрақтары туындаса 1403 Call орталығына 24/7 режімінде хабарласуға болады. Сол сияқты тасжол бойындағы тексеру бекеттерінде арыз-шағым жәшігі орналастырылған», - дейді ол.







Сондай-ақ, «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының өкілі аталған жаңа жүйенің бүгінде «Балқаш-Бурылбайтал» тасжолын салу кезінде қолданылып жатқанын және алдағы уақытта республиканың барлық аймақтарында қолданысқа енетінін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл елімізде ақылы жолдардың саны артпақ.

Айта кетейік, «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ «Орталық-Оңтүстік» бағытындағы Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш - Приозерск – Бурылбайтал - Шу – Алматы аймақтарындағы жолдардың салыну барысын таныстырып, көрсету мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды.





Наверх