Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақ және жапон музыканттары Олимпиада қатысушыларына композиция арнады

26 Июля 2021 18:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының артистері Токиода өтіп жатқан Олимпиадаға орай достық, келісім және өзара қолдауға арналған бейнеролик жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сенсек, бейнероликке Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының жеке орындаушылары Ержан Әлімбетов (домбыра), Федор Артамонов (виолончель); Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының артисі Индира Құдабаева (вокал); «STEPPE SONS» альтернатив-фольк тобының белді мүшесі Мұратбек Раманқұлов секілді қазақ музыканттарымен қатар, жапон музыканттары Юмико Фурухаши (моринхуур), Такеши Такеучи (электр бас), Тузан Хирано (сякухачи), Аи Ямагучи (вокал) атсалысқан.

Артистер бірігіп Рокусукэ Эйдің сөзіне, композитор Хатидай Накамураның музыкасына жазылған жапондық әнші Кю Сакамотоның әйгілі «Ue o Muite Arukō» ( « Sukiyaki « ) әнін орындап шықты.

Бұл ән Жапонияда 1961 жылы дүниеге келген, бірнеше мемлекеттердің топ-чарттарында, соның ішінде американдық «Billboard hot 100» чартында бірінші орынды иемденген.

Сонымен қатар, музыканттар қазақтың «Көзіңнің мөлдірін-ай» атты халық әнін нақышына келтіріп орындады.

- Менің ойымша, қазақ музыканттарымен бірігіп жасаған композициямыз өте жылы әрі шынайы шыққан секілді. Бұл шығармашылық коллаборация керемет болды, мен жұмыс қорытындысына таң қалып отырмын. Жобаға қатысқан барша музыканттарға және жобаға қатысуға шақырған Серік Нұрмолдаевқа алғысымыз шексіз! – деп жазады өзінің жеке парақшасында жобаға қатысушылардың бірі Юмико Фурухаши.

Жоба музыканттардың композицияға қазақ және жапон халықтарының көне музыкалық аспаптарын пайдалануымен және әннің түпнұсқа тілінде орындалуымен ерекшеленген.

Бейнероликте екі мемлекеттің айрықша табиғаты мен көне салт-дәстүрлері көрсетілді.

Композицияның негізгі идеясы - халықтар арасындағы өзара байланысты орнату және қолдау көрсету.


Наверх