Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кәсіпорындар қуатын сақтай отырып, атмосфераға шығатын ластаушы заттар азайтылады – Энергетика министрлігі

6 Декабря 2021 14:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы экологиялық проблемалар ретінде атмосфералық ауаның, жер үсті суларының ластануы және қалдықтарды өңдеу жүйесінің тиісті деңгейде болмауы жиі көтеріліп отыр. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында ҚР Энергетика министрлігі Газ және мұнайгаз-химия департаментінің директоры Демеу Сейітжанов ластанған қалаларды газдандыруға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді.

- Демеу Нұрсұлтанұлы, биылғы қыркүйек айында Үкімет отырысында мейлінше ластанған 10 қаланы газға және баламалы қуат көздеріне көшіру жоспарланғаны жарияланды. Бұл тапсырма «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына енгізілді ме және қандай мерзімдер белгіленген?

- Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бекіткен жалпыұлттық жоспардың 63-тармағын іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірледі.

Осы жол картасы аясында мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген: «Сарыарқа» МГҚ жобасын іске асыру ауқымында елді мекендерді одан әрі газдандыру, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Теміртау, Қарағанды, Жезқазған қалаларын газдандыру; Алматы қаласын және іргелес 5 ауданды (Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл) газдандыру; Балқаш қаласының маңындағы «Қуаты 50 МВт күн электр станциясын салу» жобасын іске асыруды қамтамасыз ету; Өскемен және Павлодар қалаларын газдандыру үшін «Сарыарқа» МГҚ-дан газ бұру құбырын, жеткізу және тарату желілерін жобалауды әрі салуды қамтамасыз ету; «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру аясында өнеркәсіптік кәсіпорындар бойынша ластанған 10 қалада стационарлық көздерден атмосфераға шығатын ластаушы заттардың шығарындыларын азайту.

Сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Газдандыру және неғұрлым ластанған 10 қаланы баламалы энергия көздеріне көшіру» тапсырмасы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына енгізілмеген. Өйткені Ұлттық жобада Атырау, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Өскемен, Павлодар қалалары сияқты ластанған 10 қалада өнеркәсіптік кәсіпорындардың атмосфераға ластауыш заттар шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шаралар ғана көрсетілген.

- Бұл қалалар үшін қандай қуат қажет және қандай электр станциялары салынады?

- Жол картасын орындау аясында Қарағанды облысының Балқаш қаласына жақын жерде жалпы қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарлануда, осы нысанды «Топар» бас тарату энергия станциясы» ЖШС іске асырып жатыр. Нысанды іске қосу мерзімі 2022 жылдың 2 тоқсанына жоспарланған. Жасыл электр энергиясын өндіру жылына шамамен 80 млн кВт/сағ құрайды деп болжануда. Сонымен қатар, аталған жобаны іске асыру парниктік газдар шығарындыларын кем дегенде 50 тоннаға азайтуға әкеледі деп күтілуде.

- 10 қаланы газдандыру үшін қандай газ көлемі қажет және ол қандай кен орындарынан жеткізіледі?

- Бүгінгі таңда, Атырау, Ақтөбе және Алматы қалалары газдандырылған. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жобасы аясында жергілікті атқарушы органдар газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуде, олардың аяқталуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында бұрын көмірмен жылытылатын 70 мыңға жуық үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған қалаларға тауарлық газ еліміздің батыс өңірлерінің кен орындарынан жеткізіледі.

Қазіргі таңда, Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысын (Өскемен қаласы), одан әрі Павлодар облысын (Павлодар қаласы) газдандырудың 2 нұсқасын пысықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бірінші нұсқа – «Барнаул – Веселоярск – РФ/ҚР шекарасы – Семей – Өскемен» бағыты бойынша Павлодар қаласына тармақтала отырып, Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырын салу. Қазіргі кезде газдандырудың ықтимал нұсқалары бойынша Ресей тарапымен келіссөздер жүргізілуде. «Газпром» ЖАҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша есептер жүргізіп жатыр.

Екінші нұсқа – «Теміртау – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша «Сарыарқа» МГҚ-дан газ бұру құбырын салу.

Балқаш қаласын газдандыру мәселесі әзірге қаралған жоқ. Сонымен қатар, әзірленген Жол картасы аясында өндірістік қуаттарды сақтауды ескере отырып, өнеркәсіп кәсіпорындары бойынша 10 лас қалада стационарлық көздерден атмосфераға шығатын ластаушы заттардың шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шараларды іске асыру көзделген.

- 10 ластанған қаланы газдандыру жобаларын қаржыландыру көздері қандай?

- Жалпы, елді газдандыру ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы №1171 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын Газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.

Бас схеманың іске асырылуын қаржыландыру бюджет қаражаты, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың «ҚазТрансГаз» АҚ кірістері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

- Әңгімеңізге рақмет!


Наверх