Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қаңтар оқиғасы: Зардап шеккен көлік иелері қайда хабарласуы керек

29 Января 2022 13:39

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жүзден астам көлік зақымданды. Біріне оқ тисе, енді бірі өртеніп кетті. Әзірге әкімдік залалдың орнын толтыру тетігін пысықтап жатыр. Көлік иелері не істеуі керек? Бұл сауалға ҚазАқпарат тілшісі жауап іздеп көрді.

Жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккендердің бірі Алматы тұрғыны агенттік тілшісіне басынан өткен оқиғаны айтып берді.

Оның сөзінше, 6 қаңтар күні кешкі сағат алтылар шамасында ол өз көлігімен үйіне келе жатқан. Жол бойы көлігіне бірнеше рет оқ тиген. Өзінің аман қалғанына құдайға шүкіршілік етеді.

«Сол күні кешке көшеде ешкім болған жоқ, бірақ алаң жақтан атыс дыбыстары естіліп жатты. Мен Төле би бойымен Саин көшесіне бет алған болатынмын, Төле би мен Байтұрсынов көшесінің қиылысына жеткенде өртеніп кеткен көліктерді көрдім. Бұл көшеде кедергілер көп болды, сондықтан бағытымды өзгертуге тура келді.

Байтұрсынов көшесімен жоғары көтеріліп, Қарасай батыр көшесіне жақындағанда көлігіме оқ атылды. Бұршақ жауғандай болды. Мен жүріп бара жатқан көліктен секіріп кеттім. Асфальтқа құладым. Содан орнымнан атып тұрып көпқабатты үйге қарай жүгірдім. Көлік 7-8 метр жүріп, бағдаршамға соғылды. Жақын маңдағы дәмхананың артына барып тығылдым. Сол кезде аяғымның қатты ауырғанын сездім.

Олар маған «тоқта» деп айғайлады. Олардың әскерилер екенін сонда ғана түсіндім. Мені бандит деп ойлапты. Құжаттарымды тексеріп, броньды жауынгерлік машинамен шығарып салды. Жедел жәрдем шақырып берді. Әскерилерге шағымым жоқ. Олар өз жұмыстарын істеді. Қараңғы, ол күндері көшеде кімнің кім екенін анықтау қиын болатын. Бір ажалдан аман қалған мен – өте бақыттымын», - дейді ол.

Қазір зардап шеккен алматылық өзін жақсы сезінеді.

«Мен көліктің техникалық жағын түзетіп қойдым. Көлікте оқ тесігі көп. Бірақ жүріп тұр. Болашақта көлігімді сататын болсам, қиындықтар туындауы мүмкін. Енді мен осы мәселемен айналысқым келеді, «жеке тұлғаларға келтірілген шығынды өтеу мүмкіндігі бар ма?», соны білгім келеді», - деп сұрады ол.

Белгілі болғандай, тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген шығынды өтеу мәселесімен Алматы қаласының Тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб айналысады.

Алматылық заңгер Динара Тұрдиеваның айтуынша, бүгінгі күні зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталған жоқ. Өйткені өтемақы төлеу ережелері әлі әзірленіп жатыр.

Өз кезегінде заңгер көлік иелеріне бірқатар ұсыныс берді.

«Ең алдымен көлік иесі көліктің шынымен зақымдалғанын анықтау үшін полицияға арыз беруі керек. Сонымен қатар, автокөлік сақтандырылған сақтандыру компаниясына тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін растайтын талонды ұсынуы тиіс.

Сақтандыру төлемін өтеуге келетін болсақ, бұл мәселе жасалған сақтандыру шартының түріне қарай жеке қаралатын болады.

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мүлкі бүлінген тұлғаларға келтірілген залалды өтеу тетігі әлі де әзірлеу сатысында», - деп түсіндірді заңгер.


Наверх