Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қамсыздану құқығы: әлеуметтік қорғау мәселесіне түзету енгізу 400 мың азаматтың құқығын жақсартады

26 Ноября 2021 17:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жеңілдіктер енгізу көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Қазіргі уақытта І топтағы 66 мың мүгедектің әрбір үшіншісіне күтім бойынша жәрдемақы мен жеке көмекші қызметі жасалмаған. Дегенмен биыл қазанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануымен тұрақты қамқорлыққа мұқтаж қосымша 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

НАҚТЫ ДЕРЕКТЕР

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде елімізде 702,2 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның ішінде 424,5 мыңы (60,5%,) еңбекке қабілетті жаста, 180,8 мыңы (25,7%) зейнет жасындағы адам, 96,9 мыңы (13,8%) 18 жасқа дейінгі бала. Елімізде мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік төлемдер, өтемақылар, жәрдемақылар түріндегі мемлекеттік көмектер. «Бұған мүгедектік бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біріне берілетін әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ бала кезінен І топтағы мүгедекті бағып отырған адамға берілетін жәрдемақы кіреді. Қазіргі уақытта мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырумен мүгедектер арасынан 528 мыңнан астам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар қамтылған», - дейді Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Сырым Нәси. Оның айтуынша, жыл сайын 300 мыңнан астам мүгедек жеке оңалту бағдарламасы бойынша техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтылады. Сонымен қатар кедергісіз ортаны қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандары мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуде. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша паспортталған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 99,9 проценті немесе 25 777 нысанның 25 757-сі пайдалануға берілді.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР МЕН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР ТУРАЛЫ

Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер 2025 жылға дейін мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында дайындалған. Күтім жәрдемақысы тұрақты қамқорлыққа мұқтаж тағы да 24 мың адамды қамтиды. Жәрдемақыға құжаттарды қабылдау 4 қарашадан басталды. «Жәрдемақыны тағайындау үшін I топтағы мүгедекке қамқоршылар құжаттарын жинап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарына өтініш бере алады. Қажет құжаттар: жеке куәлік, I топтағы мүгедектің қамқоршысы екенін растайтын анықтама, күтімдегі адамның мүгедектігі туралы анықтама, жәрдемақылар беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы ақпаратты растайтын құжат, психикалық денсаулық орталығында тіркеуде жоқтығын растайтын анықтама», - деп түсіндірді Сырым Наси. «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы, TenQogam мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығының жетекшісі Ләззат Қалтаева қабылданған заңның мыңдаған қазақстандық отбасының өмірін жақсартатынына сенімді. «Заңды барлығы күтті. Жаңа заңның ең маңызды тұсы - І топтағы мүгедектердің қамқоршысына жәрдемақы енгізу. Осы түзету бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының мәселесін шешті. Мемлекеттің қамқорлығын сезініп, лайықты өмір сүру құқығына ие болды», - дейді ол. Сонымен қатар құжатта 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды денсаулығы мен мүмкіндігінің шектелуі дәрежесін ескере отырып, мүгедектік топтарына бөлу қарастырылған. Сырым Нәси бұл жұмыстардың оңалту шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалардың ауруының ауырлығына қарай тағайындалатын жәрдемақы мөлшерін саралауға мүмкіндік беретінін айтады. Барлық топтағы мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылып, 30 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды. «TenQogam мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау орталығына балалардың ата-аналары жиі хабарласып, ауру ауырлығы әртүрлі болуына қарамастан мемлекет тарапынан бірдей әлеуметтік қолдау алатынына шағымданатын. Енді балаларды мүгедектік топтарына бөлу арқылы аурудың ауырлығына қарай оңалту шараларына жұмсалатын шығындарды өтеу әділ болады», - дейді Ләззат Қалтаева. 2021 жылдың 24 қазанында 7-16 жас аралығындағы балаларды мүгедектік топтарына бөлу туралы заңнамалық норма күшіне енді. «Заң күшіне енген күннен бастап 7 жасқа толған балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне мүгедектік тобын құру үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне барудың қажеті жоқ», - деп атап өтті сарапшы. Сондай-ақ Заң бойынша мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыларды қатар алу құқығын беруді де қарастырылады. Бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттырады. Қазіргі уақытта мүгедек балалар ата-анасы ажырасқан жағдайда алимент пен мүгедектік бойынша жәрдемақыны қатар алуға құқығы бар. Ата-анасының біреуі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда мүгедектігі бойынша жәрдемақыны немесе асыраушысынан айырылған жағдайда тағайындалатын жәрдемақыны ғана ала алады. Бұл норма енгізілгенде мүгедектік бойынша жәрдемақы алатын 2 мың балаға 41 163 теңгеден 48 023 теңгеге дейін немесе асыраушысынан айырылған жағдайда 12 063 теңгеден 29 500 теңгеге дейін беріледі.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАР МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ТУРАЛЫ

Заңда әлеуметтік төлемдер және жәрдемақылармен қатар, өндірісте жарақат алған мүгедектерді техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге қатысты жаңа түзетулер қарастырылған. Бұл қызметті жұмыс беруші барлық міндеттемені орындай алмаған жағдайда пайдалануға болады. Қазіргі уақытта жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлғаның күші жойылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Сонымен қатар мүгедектер кәсіпорынның тоқтатылуы немесе 1,5 жылға дейін созылатын банкроттық рәсімдер кезеңінде техникалық құралдарды алу мүмкіндігінен айырылады. Бұл шара 2 мыңға дейін адамды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжатта мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың баласы кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде қалу құқығын сақтау көзделген. «Іс жүзінде мұндай отбасылар 10 жылға дейін баспана кезегінде тұрады. Баланың 18 жасқа толғанға дейін баспана алу мүмкіндігі болмаса, қайтадан кезекке тұруы керек. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасының баспана алу мүмкіндігін сақтамақ», - деді сарапшы. Бұдан бөлек, заңда мүгедек балаға қамқоршылық мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл ереже зейнеткерлік жәрдемақы мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсер етеді. Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталына аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті көшіру қарастырылған. Мүгедектерді техникалық құралдармен қамтамасыз етуді жақсартатын Әлеуметтік қызметтер порталы биыл толықтай іске қосылды. Мұқтаж жандар қажетті құралдар мен оңалту қызметтерін, сондай-ақ қызмет ұсынушыларды өздері таңдай алады. 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 300 мыңнан астам қызмет көрсетілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсерін тигізіп, 400 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын жақсартуға мүмкіндік береді. «Қабылданған заңдағы барлық өзгерістер мүгедектер мәселелеріне көзқарасты түбегейлі өзгертіп, осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау және қорғау жүйесін жетілдіреді», - деп сөзін түйіндейді Ләззат Қалтаева.

Материалдағы пікірлер авторларға тиесілі және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.


Ключевые слова:
Наверх