Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«БАРЫС GENERATION» - Қазақстанда хоккей туралы жаңа сериал жарық көрді

7 Декабря 2021 17:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасында отандық хоккей спорты туралы алғашқы «Барыс GENERATION» мотивациялық сериалы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа тележоба күн сайын сағат 22:30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Телетуындының 15 бөлімінде көрермендер хоккей әлемімен танысып, командаға жанкүйер бола алады.

«Хабар» агенттігі спортты әрдайым қолдап келеді. Біздің телеарнада спорт әлеміндегі ең маңызды оқиғалардың трансляциясын өткізу дәстүрге айналған. Қызметкерлеріміз арасында да спорттық мәдениет қалыптастыруға көп көңіл бөлеміз. Желтоқсан айында көрермендерге қазақстандық хоккейдің жетістіктері мен бұқаралық спортты насихаттауға арналған жаңа телехикая жол тартады. Бұл жоба отандық спортқа қызығушылықты арттырып, біздің хоккей командамыздың имиджін нығайтатынына сенімдімін», - деді «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин.

Хоккей - ең әдемі және күрделі спорт түрлерінің бірі. Мұнда күш, ептілік, реакция жылдамдығы қажет. Командалық ойынның күрделілігі мен сұлулығын бағалай алатын жанкүйерлердің қатарын көбейтуге арналған «Барыс Generation» телехикаясының сюжет желісіне алаулаған албырт сезім, үйішілік кикілжің, спорттағы шиеленіс пен жас бапкердің тұлғалық өсуі арқау болды.

Телехикая сюжеті бойынша жастар хоккей лигасынан шығып кетейін деп тұрған жас клубтың бас жаттықтырушысы ретінде ҚХЛ ойыншысы Бауыржан Есмұратов тағайындалады. Ол команданы біріктіріп, жеңіске жеткізуі тиіс.

Өз кезегінде «Барыс GENERATION» сериалының креативті продюсері Сәбит Рахымбаев сериал түсіру идеясы қалай туындағанын айтып берді.

«Баршамызға белгілі, биыл Қазақстанның хоккей құрамасы әлем чемпионатында өте жақсы ойын көрсетті. Бұл Қазақстанның ғана емес, әлемнің жеңісті сәті болды. Бүкіл әлем Қазақстанда да хоккей бар екенін білді. Сол себепті, хоккейшілер туралы мотивациялық сериал түсіруді ұйғардық. Және меніңше, өте сәтті жоба шыққан секілді. Қызықты, спортқа толы және ең бастысы шабыт береді. Мұнда барлық аудиторияны қамтуға тырыстық, 12 жастан бастап барлық көрермен тамашалай алады. Түсірілім жұмыстары 2 айдан астам уақыт бойы Нұр-Сұлтанда, Алматыда және өзге де қалаларда түсірілді», - деді С. Рахымбаев «Барыс GENERATION» сериалының ресми таныстырылымында.

Сонымен бірге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Кемелбек Ойшыбаев елімізде сериал өндіру ісі жақсы дамып келе жатқанын айтты.

«Жыл сайын Қазақстанда министрлік тапсырысымен 50 шақты сериал жасалады. Соңғы бес жылда 252 сериал түсірілген, оның бәрі Қазақстанның осы бағытқа көп көңіл бөлетінін білдіреді. Жалпы теледидардың, әсіресе сериалдардың жастарды тәрбиелеуге әсері өте мол. Осы бағытта мемлекет әрине, қолдауын жалғастырады. Биыл тарихи бағытта, өз тұлғаларымыз туралы, әлемуеттік мәселелерді көрсететін, бұқаралық спортты насихаттайтын, тәлім-тәрибеге бағытталған сериалдар көптеп түсірілуде.

«Барыс GENERATION» сериалы да бұқаралық спортты насихаттайтын жобалардың бірі. Бәрімізге мәлім, әсіресе пандемия кезінде жалпы денсаулыққа күш-қуат қосу үшін спорттың маңызды екенін бәрі түсінді. Сондықтан, спортпен айналысуды жастарға насихаттау өте маңызды», - деді К. Ойшыбаев.

Хоккей туралы хикая түсіріліміне көпке әлі таныла қоймаған актерлар мен кәсіби хоккейшілер қатысты. Олардың қатарында Ғазрет Ержанов, Ғани Құлжанов, Дарина Менисова, Әлішер Исмаилов, Алдияр Қуанышев, Айдана Қасымхан, Ақжол Сәбиғат, Роман Леонтьев, Никита Гаршин, Бекзат Достанов, Арелана Амангелдиева, Шах-Мұрат Ордабаев, Асылбек Қапаев, Евгений Шворнев бар. Түсірілімге дайындық аясында актерлер үш ай бойы «Барыс» хоккей клубының жаттықтырушыларының бақылауында арнайы оқудан өткен.

«Мен бұған дейін де спортпен айналысатынмын, бірақ командалық түрі емес еді. Негізі күрес, жекпе-жек деген сияқты спортқа әуес болатынмын. Шынын айту керек, қиын болды. Басында тіптен қиналдым. Хоккейші жігіттер көп көмектесті. Бірден түсірілім басталған кезде, хоккейшіге айналуларың керек деді. Режиссер бірден хоккей ойыншысы бол дегенде, амалсыз хоккей ойнап кетуге тура келеді», - деді киноиндустрияға жаңадан аяқ басқан Әлішер Исмаилов.

Айта кетейік, сериалдың қоюшы режиссері – Ақан Мұсақұлов. Идея авторлары: Дәуіт Шайхисламов, Мәлік Хасенов, Санат Шапашов, Сәбит Рахымбаев және Бахтиер Ысқақов.

Наверх