Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Халықаралық рейстерді шектеу «омикронның» таралуына әсер етпейді – Алмаз Шарман

21 Января 2022 17:35

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман коронавирустың «омикрон» штамының өршуі кезінде халықаралық рейстерді шектеу мәселесіне қатысты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Профессордың айтуынша, «омикронның» өзі коронавирустың өте жұқпалы нұсқасы болып табылады.

«Халықаралық рейстерді шектеумен індеттің таралуы азаймайды. Адам қай елге, қалай барса да, инфекцияның таралуы жоғары қарқынмен тарайды. Сол себепті бұл тұрғыда халықаралық рейстерді шектеу ерекше рөл ойнамайды.

Дегенмен, Рождество мерекесіне орай демалыстар қарсаңында Еуропада күніне төрт мыңға жуық халықаралық рейс ұшуын доғарды. Себебі ұшқыштар коронавирустың «омикрон» штамын бірінен соң бірі жұқтыра бастады. Сондықтан «омикронға» байланысты эпидемияға қарсы барлық шаралар сақталуы керек», - деді Алмаз Шарман агенттік тілшісіне телефон арқылы.

Бұдан бөлек, А.Шарман экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуінде халықаралық байланыс, рейстер мен саудадағы шектеулер үлкен рөл атқарғанын атап өтті.

«Пандемия әлемнің көптеген елінде экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуіне әкелді. Жалпы ішкі өнім азайды. Логистика мен жұмыс орындарын құруда көптеген мәселелер туындады», - деді ол.

Алмаз Шарман «омикрон» штамының өте жұқпалы екенін айтып отыр.

«Жаңа «омикрон» штамы «дельтамен» салыстырғанда мың есе жұқпалы. Дегенмен, ол инфекция мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы қысқа мерзіммен сипатталады. Омикронның ауыр асқынуды аз мөлшерде тудыратыны да айтылады. Ол негізінен жоғарғы тыныс жолдарында шоғырланған. Өкпеге сирек түседі. Дегенмен, қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ жас балаларға үлкен қауіп тудырады. Сондықтан барлық сақтық шаралары қажет. Себебі індеттің жұқпалылығынан науқастар ауруханаға әлі көп түсетін болады. Қазір көптеген медицина қызметкерлері де ауру жұқтыруда. Сол үшін бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және вакцинация режимі сақталуда. Осы орайда бустерлік дозасы егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы барларға ауыр зақымданулардың деңгейін айтарлықтай төмендетеді дегім келеді.

Мен «омикронды» қатаң шектеулерді қажет ететін соңғы індет және болашақта пандемиямен күреспейтін боламыз деп үміттенемін», - деп түйіндеді профессор.


Наверх