Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Халықаралық анимациялық фильмдер кинофестивалі Түркістанда өтеді

28 Октября 2021 10:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі (ÁMEN International Animation film festival) 29-30 қазан күндері Түркістан қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын халықаралық шараға отандық және бауырлас түркі, ортаазиялық елдердің, атап айтқанда Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдегі Башқортастан мен Татарстанның білікті мультипликаторлары қатысады.

Байқауға анимация саласында белгілі мамандардан құрылған халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапатталады.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында шетелдік озық мультипликаторлардың шеберлік сабақтары мен тренингтері жоспарланған. Қатысушылар әлемге танымал 4 маманның дәрісін тыңдап, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, фестиваль қонақтары Қазақстанның үздік анимациялық киностудиялары көрмесін тамашалайды. Онда киностудиялар анимация жасаудың қыр-сыры мен ерекшеліктерін көрсетіп, жас мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырады.

Бағдарлама бойынша, іс-шараның екінші күні түркі елдеріндегі кино өнерінің даму бағыттарына, бүгіні мен ертеңіне арналған дөңгелек үстел өтеді. Шетелдік және отандық анимация саласының мамандары өзара байланыс орнатып қана қоймай, өзекті тақырыптарда пікір алмасып, түркітілдес елдердің анимация саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін бермек.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған фестивальдің биыл Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өтуі де айрықша мәнге ие. Ұйымдастырушылар шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерейтой қарсаңында айрықша сый жасамақ. Түркістандықтар екі күн қатарынан қаладағы ең үздік кинозалдардан еліміздің және түркі елдерінің ең үздік анимациялық фильмдерін тегін тамашалайды.

Дәстүрлі фестивальді OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.


Наверх