Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты

28 Сентября 2021 00:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Иранмен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бүгінгі кездесу аса тартысты өтті. Алғашқы минуттарда ирандық спортшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңнің 8-минутында Мослем Оладгобад есеп ашса, 15-минутта Ахмад Эсмаилпур есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде қазақстандық футзалшылар алға қарай ұмтылды. Ойынның 25-минутында Дәурен Тұрсағұлов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 29-минутта Арнольд Кнауб таразы басын теңестірді. Ойынның 39-минутында қазақстандық Тайнан жеңіс голын соқты.

Осылайша Қазақстан қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.

Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болды. Ал Венесуэламен 1:1 есебімен тең түсті. Одан кейін 1/8 финалда Таиландты 7:0 есебімен тізе бүктірді.

Бұдан бұрын 1/4 финалда Бразилия Марокконы 1:0 есебімен жеңген болатын. Ал Аргентина мен Ресей кездесуінің негізгі кезеңі 1:1 есебімен аяқталып, пенальтиде аргентиналықтар 5:4 есебімен жеңіске жетті. Бүгін Португалия - Испания кездесуі португалиялықтар пайдасына 4:2 есебімен аяқталды.

Енді 29 қыркүйекте өтетін жартылай финалда Бразилия мен Аргентина кездессе, 30 қыркүйекте Қазақстан мен Португалия ойнайды.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионатының финалдық сатысында екі мәрте бақ сынаған еді. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.


Автор Әділжан Үмбет
Ключевые слова: Футбол, Қоғам, Спорт,
Наверх