Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Есірткі айналымымен күрес: 35 дәрігер жауапкершілікке тартылды

6 Декабря 2021 17:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда есірткі айналымы саласындағы заң бұзушылықтар үшін 35 дәрігер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Биылғы 29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында республика бойынша «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының төртінші кезеңі өткізілді. Негізгі мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымындағы бұзушылықтарды анықтау. Іс-шара барысында осы заттарды өз қызметінде пайдаланатын 75 кәсіпорын мен ұйым тексерілген.

Алты күн ішінде елімізде ҚР Қылмыстық кодексінің 303-бабы (Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу) бойынша 12 қылмыс анықталды.

Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында құрамында есірткі құралдары бар препараттар айналымы ережелерін бұзуға жол берген 3 медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды.

129 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді:

– 5 заңсыз фармацевтикалық қызметі үшін (ҚР ӘҚБтК 424-б.);

– 95 фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 426-б. 1-б.);

– 24 объектінің техникалық нығайту талаптарын бұзғаны үшін;

– 5 лицензиялау нормаларын бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 464-б.).

«Әкімшілік жауапкершілікке 129 адам тартылды, оның ішінде 32 медицина қызметкері. Барлық материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне берілді. Айналымнан 356 есірткі ампуласы, 5 258 таблетка, 173 психотроптық заттар ампуласы, 258 прекурсорлар ампуласы алынды», - делінген сайтта.

Ақпаратқа сәйкес, құрамында есірткі заты бар медициналық препараттарды «қара нарықта» сату фактілері анықталуда. Яғни психобелсенді әсері бар дәріханалық препараттар жасөспірімдердің қызығушылығын тудырады және олардың есірткі тұтынуына тікелей себепші болады.

Мысалы, Алматы облысының тұрғыны синтетикалық апиындарға жататын 20 таблеткамен ұсталды. Атырау облысында осындай екі факті анықталды. Барлығы 3 870 таблетка және атропин сериясының 70 құты тамшылары тәркіленді.

Осыған ұқсас факті Теміртау қаласында анықталды, онда дүкенде дәріханалық препараттың 10 таблеткасын сатқан жергілікті тұрғын ұсталды. Мұндай дәрі-дәрмектер адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті заттардың тізіміне енгізілген. Оны әкелу және тарату жөніндегі бақылау функцияларын денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады.


Наверх