Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада мас жүргізушіні тоқтатпақ болған 29 жастағы полицей ауыр жарақаттанды

2 Декабря 2021 22:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда мас жүргізушіні тоқтатпақ болған полиция қызметкері ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2 желтоқсан күні саған 14.00 шамасында Қошқарбаев көшесінде қызметін атқарып жүрген қалалық патруль полициясы мамандандырылған батальонының аға инспекторы Архат Рақышев Howo машинасын байқап, оны тоқтатпақ болады.

Өйткені жүк көлігі жолда апаттық жағдай туғызып, жол ережесін өрескел бұзып келе жатқан еді.

Көліктің жүргізушісі полицейдің ескертпесіне құлақ аспай, қозғалысын жалғастырған.

Полицей жағдайды түсініп, бетон артқан автомобильдің жүргізушісі қаланың қақ ортасында азаматтарға қауіп төндіріп отырғанын, талапқа бағынбайтынын, бәлкім сау емес екенін бағамдаған.

Содан кейін ол көлікті тоқтатуға тырысқан. Ол радиостанса арқылы оқиға орнын көрсетіп, әріптестерінен көмек сұрайды.

Содан кейін көліктің кабинасына секіріп мінеді. Алайда жүргізуші оған қарсылық көрсеткен. Салдарынан аға инспектор жол бойына құлап кетеді.

Полицейлер көліктің жолын жауып, ақыры тоқтатты, күдікті ұсталды. Жүргізушіден алкогольдің иісі бұрқырап тұрды. Кейіннен сараптама оның орта дәрежеде мас болғанын көрсетті.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша изоляторға қамалды. Көлік коммуналдық тұрақта тұр.

29 жастағы полиция капитаны Архат Рақышев ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер полицейдің өмірі үшін күресіп жатыр.

Ол 2015 жылдан бері ішкі істер органдарында жұмыс істейді.



Автор Жанат Қапалбаева
Ключевые слова: Оқиға, Нұр-Сұлтан, Заң, Полиция, Көлік, Жол,
Наверх