Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша тұңғыш бала дүниеге келді

2 Декабря 2021 21:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Салмағы 3 550 г және бойы 58 см, дені сау бала елорданың №2 Көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік блогында дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қала тұрғыны (өтініші бойынша аты-жөні көрсетілмейді) алғашқылардың бірі болып «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ жүргізуге квота алды.

Ол үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінді.

«Аңсаған сәби» жаңа бағдарламасы туралы естігенде күйеуім екеуміз бағымызды сынап, қатысу туралы шешім қабылдадық. Алдымен өз емханамызға барып, қажетті құжаттарды тапсырдық. Бала – өмірдің мәні. Өкінішке қарай, ұзақ уақыттан бері бала сүйе алмай жүрдік», - дейді бақытты ана.

Тексеруден кейін жүргізілген консервативтік терапияның әсерінің жоқтығын ескере отырып, ерлі-зайыптылар дәрігерлік консилиумның шешімі бойынша МӘМС шеңберінде ЭКҰ рәсімін жүргізу үшін кезекке қосылды.

«Желтоқсан айында денсаулық сақтау басқармасы жұмыс комиссиясының мақұлдауын алып, №272 бұйрықтың критерийлеріне сәйкестігін ескеріп, МӘМС шеңберінде ЭКҰ өту үшін квота алды. Пациент ЭКҰ жасау үшін Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтын таңдап, 12 аптаға дейін дер кезінде есепке тұрды, ары қарай ауруханамыздағы дәрігерлердің барлық ұсынысын ұстанды», - дейді акушер-гинеколог Алуа Мансұрова.

Бүкіл прегравидарлық кезең және ЭКҰ рәсімі алдындағы дайындық, жүктілікті бақылау және босанудың өзі Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді ауруханасының қабырғасында өтті.

Сәбидің анасы «Аңсаған сәби» бағдарламасы ата-ана бақытын сыйлағанын айрықша атап өтті.

«Бұл бағдарлама балалы болғысы келетін ерлі-зайыптылар үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын біз ақылы негізде ЭКҰ жасадық, бірақ бәрі сәтсіз аяқталған. Бұл жолы да үмітіміз орындалмайды деп қатты алаңдап едік, бақытымызға қарай ата-ана атанып отырмыз. Бізді жүктілікке дейін және жүктілік кезінде басы-қасымызда болған дәрігерлерге алғысым шексіз. Аурухананың барлық медқызметкеріне рақмет айтқым келеді. Біз бақыттымыз!» - деп қуанышын бөлісті.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына 487 квота бөлінді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есе көп.

Ұзақ уақыт некеде тұрған көптеген елордалық МӘМС аясында ЭКҰ бағдарламасынан өту мүмкіндігіне ие болды.


Наверх