Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Елбасы жолы» экспедициясы Түркістанға келді

28 Октября 2021 11:18

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығына орай Шамалғаннан бастау алған «Елбасы жолы» экспедициясы Түркістан қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экспедицияның мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, көшбасшының өмірінен сыр шертетін маңызды орындарды аралау. Экспедиция құрамына «Ел үміті» бастамасының ең үздік жастары енгізілген.

Экспедиция мүшелері мыңжылдық өркениеттердің торабы болған Түркістан қаласына келіп, 14-29 жас аралығындағы «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларымен кездесті. Жас көшбасшылар мен білімді өрендер өзара пікір алмасып, ғылым, білім, мәдениет және өзге де салаларда жетістікке жету жолын саралады. Түркістанның дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұның бәрі тәуелсіздіктің жемісі екеніне тоқталды.




Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 276 білімді жас «Елбасы медалі» жобасынан қола медаль алды. Биыл 54 медаль иегеріне мемлекеттік білім гранты берілді. Қазір өңірде 565 жас жобаға қатысып жатыр. Олардың 222-і қола деңгейді, 17-і күміс деңгейді аяқтауға үміткер болып тұр. Өңір бойынша бағдарламаны жүзеге асыруда 19 тәлімгер, 1 өңірлік үйлестіруші және 1 сарапшы қызмет етіп жатыр.

Бұдан кейін экспедиция мүшелері «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінің тарихына қанығып, бабалар рухына зиярат жасады. ЮНЕСКО-ның тізімінде тұрған тарихи ескерткіштерді тамашалады. Түркістанда жаңадан бой көтерген ғимараттарды, мәдени-әлеуметтік нысандарды аралады. «Керуен сарай» туристік кешенінде серуендеп, жаңарған Түркістандағы өзгерістерге ризашылығын білдірді.

Елбасы академиясының ресми өкілі Маржан Иманғалиеваның айтуынша, «Ел үміті» бастамасы мен «Елбасы медалі» жобасына қатысушылардың көңіл-күйлері өте жақсы. Бұл экспедиция арқылы жастардың шығармашылық байланыстары нығайып, ой-өрістері кеңейеді. Экспедиция Түркістан облысы мен Шымкент қалаларында кездесулерге қатысқан соң Теміртау мен Нұр-Сұлтан қалаларына жолға шығады.







Наверх