Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Cемейде 177 жылдық тарихы бар ғимараттың бұзылуына байланысты тергеу жүргізілмек

17 Июня 2021 23:08

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 1844 жылы салынған көпес үйінің бұзылуына байланысты тергеу жүргізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейде тарихи маңыздылығын анықтау мақсатында сараптамадан өтіп жатқан бұрынғы көпес үйінің қабырғасы рұқсатсыз бұзылған.

«Бұған дейін ғимарат иесі оның жанынан сауда үйін тұрғызған еді. Ал оның орнына тұрғын үй салу үшін бұрынғы мұражайды бұзып тастауды жоспарлаған болатын. Семейге жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Даниал Ахметов кәсіпкермен кездесіп, билік құрылысты бастапқы қалпына келтіруге қаржы бөлуге ниетті екенін айтты. Сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдар ғимараттың тарихи құндылығын растау үшін қажетті құжаттарды дайындағанын атап өтті», - делінген ақпаратта.

ШҚО Мәдениет басқармасының дерегінше, ескі ғимаратқа жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру процесі қолға алынған.

«Ғимарат тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне әлі енген жоқ. Алайда биыл 9 маусым күні тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында оған жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мәселесі қаралды», - дейді басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова.

Оның айтуынша, 9 маусымнан бастап көпес үйінің қазіргі иесі ғимараттың сақталуын қамтамасыз етуі керек болған. Ал ол болса ғимарат қабырғаларының бірін бұзуға жол беріп отыр. Аталған факт бойынша Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі құқық қорғау органдарына жүгінді. Егер ғимаратты кәсіпкердің өзі бұзғаны анықталса, оған қатысты қылмыстық іс қозғалады.


Наверх