Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бауыржан Байбек «Болашақ» бағдарламасының маңызы туралы айтты

20 Апреля 2021 16:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек танымал YouTube-арналардың біріне көлемді сұхбат берді. Ол сұхбат барысында Тұңғыш Президенттің елдің қалыптасуына қосқан тарихи үлесі, «Nur Otan» партиясының жобалары, «Болашақ» бағдарламасы, Алматы әкімі кезінде қабылдаған шешімдері туралы ашық және егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың айыптауларын жоққа шығарды.

«Nur Otan» партиясы жайында

– Партиямыздың жетістігі – бұл қолға алған негізгі екі істің нәтижесі. Біріншісі – праймериз. Сол арқылы қатарымызға жаңа адамдарды тартуға мүмкіндік алдық, депутаттардың 70-80% жаңартылды. Бұрын партияға оппозиция болған көптеген танымал тұлғалар бүгінде біздің қатарымызға қосылды. Екіншісі – пандемия мен турбулентті уақыт жағдайында біз күш-жігерімізді біріктіріп, жұдырықтай жұмыла алдық. Елбасы, партия Лидерінің бастамасымен «Biz Birgemiz» акциясы аясында 40 млрд. теңгеге жуық жеке қаражат жиналды. Тұрғындарға атаулы көмек көрсетіліп, ашық процесс қамтамасыз етілді.



Сайлау алдындағы міндеттемелерге келсек, уәде беру, бағдарлама жасау бір бөлек, оны іс жүзінде жүзеге асыруды қадағалау бір басқа. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз алғашқы күннен-ақ тиянақты дайындықты бастап кеттік. Бақылау үшін не қажет? Нақты орындалу мерзімі, күні, уақыты анық та, айқын көрсетілген түсінікті құжат керек. Біз әрбір бағдарламаны іске асыру бойынша 217 жол картасын әзірлеп, онда 80 мың индикаторды көрсеттік. Мәслихаттардағы, Мәжілістегі фракциямыздың депутаттары және партия мүшесі болып табылатын әрбір басшы жекелеген индикатор бойынша бекітілген. Мұның бәрі нақты салалар мен жылдарға бөлінген. Біз берген уәделерімізді орындау үшін 5 жылдың аяқталуын күтпейміз, алғашқы жылдың өзінде-ақ атқарылған істер бойынша нақты және ашық есеп бере аламыз.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, 21 трлн теңге жұмылдырылатынын айтты. Бұл – партия ерекше бақылауға алған жүйелі негізгі тапсырмалар.

Салыстыру үшін қарапайым бір мысал айта кетейін. АҚШ-та сайлау өтіп, Байден жеңіске жеткенін білесіз. Ол өзінің сайлауалды уәделерін орындауға бағытталған үлкен соманы атады. Онда инфрақұрылымға ауқымды қаражат салынып отырғаны айтылады. Бағдарламаларды салыстыратын болсақ, олар өте ұқсас. Жолдар, мектептер, ауруханалар, өмір сапасы. Осының бәріне мемлекеттің шамасы жете ме, мәселе осында. Қазіргідей уақытта 21 трлн теңге деген сома қайдан пайда болды? Дағдарыс, әлемдік бағаның құлдырауы және турбуленттілік кезеңінде біздің инфрақұрылымды дамыту үшін резервтерді пайдалана алуымыз, бұл – халықтың, мемлекет пен Елбасының орасан еңбегінің арқасы. Бір кездері Рузвельт дағдарыс кезінде халықтың сатып алу қабілетін арттыру үшін инфрақұрылымға ауқымды көлемде қаржы салып, жаңа экономикалық саясат жүргізді.

Біз барлық қалалар, аудандар мен облыстарда партияның қоғамдық кеңестерін құрдық. Онда сарапшылар, саясаттанушылар біздің уәделеріміздің қандай да бір аспектілерін ашық талқылай алады, оған қоса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, ағымдағы күн тәртібіне де ден қоя алады.

Елбасының тарихи үлесі туралы

Алматы – халқымыздың ғасырлар бойы арманы іске асқан – Тәуелсіздікке, мемлекеттілікке қол жеткізген қала. Алғашқы 7 жылда Алматы Тәуелсіз Қазақстанның астанасы болды. Дәл осы қаладағы Фурманов көшесінде Елбасы қиын да, тарихи шешімдер қабылдады. Мамай сияқтыларға мұны түсіну бұйырмаған, бұл олар үшін ғарыш секілді. Олар тіпті мұның ауқымын да түсіне алмайды. Алматыда Егемендік туралы декларация, Конституциямыз қабылданды. Елбасы көршілерімізбен достық қарым-қатынас орнатып, шекараларымызды делимитациялау мәселесін толығымен шеше алды.

Елбасы Маңғыстауға келіп, Каспий маңы мемлекеттері Каспийді бөліскен кезде болған мынадай бір оқиғаны естігенім бар. Бұл оның өкілеттігін тоқтатардан бір жыл бұрын еді. Сол кезде Елбасы енді Президент қызметінен кетуге болады деді. Ол өзінің тарихи миссиясын орындады – барлық шекарамызды шегендеп, халықаралық кепілдік алды, ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдады, Семей полигонын жапты, Аралдың жаһандық проблемасын шешті, азаматтардың әл-ауқатын көтерді, мемлекеттің бірлік пен келісімде тұрақты дамуының сара жолын салды.

Посткеңестік елдердің барлығы дерлік қантөгіс пен сынақтардан өтті. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты тарихи тұлға көзі тірісінде-ақ үлкен құрметке лайық деп санаймын. Содан кейін Фурманов туралы айта кетейік, Мамай мырза өзін ұлтшыл-патриот ретінде көрсеткенімен, шамасы, ол тарихтан бейхабар. Фурманов – 1920 жылы бес мың адамның қатысуымен өткен Верныйдағы көтерілісті басқан саяси қайраткер. Содан кейін ол қаншама адамды репрессия жасап, соттап, көбісін атып, түрмеге жапқан. Сонда оның айтуынша, біз үшін Фурманов еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасыдан гөрі көп еңбек сіңірді ме? Егер екінші рет жасау қажет болса, біз тағы да осылай өзгертер едік.

Оның үстіне, мен бұл жобаның неге жалғаспағанын әзірге білмеймін, бірақ маған және Алматы мәслихатына жеке меншік иелері шығып: «біз Елбасыға өз қаражатымыздың есебінен ескерткіш қойғымыз келеді» деді. Олар эскизін де жасады. Біз оны қарадық, өте әдемі және сол ескерткішті орнатып, оны жүзеге асыруымыз керек еді. Ол жерде қай жағына қарасаң да, Елбасының еңбегін көруге болады. Меніңше, бұл болашақтың еншісінде. Сондықтан бұл жалғыз менің шешімім емес, он мың жас петицияға қол қойды.

Жанболат Мамайдың айыптаулары туралы

30 жастан сәл ғана асқан Жанболат Мамай, естуімше, айтарлықтай жақсы оқыған, ол өз сөзін журналистік зерттеу деп атайды. Кез келген докторлық жұмыстағыдай сілтемелер де берілген, бірақ бір ғана дереккөзге – ол UZUN Qulaq деген фейк телеграм-арна. Егер бұл арнаның мазмұнын талдайтын болсақ, онда олардың іс-әрекеті Конституцияға қарсы, әлеуметтік алауыздықты қоздыру, қоғамда хаос пен алауыздықтың дәнін себу әрекеті.

Осы жалған арнаны негізге алып, олардың ақпаратын Жанболат Мамай өз атынан дербес жариялайды. Менің ойымша, бұл шартты түрде саяси қайраткердің жалған нәрселердің негізінде, оны тексерместен мәлімдеме жасаған алғашқы жағдай және соңғысы да осы болатын шығар деп үміттенемін. Мамай мырза Үшінші Рейхтің қағидаларын басшылыққа алатын болуы керек. Нацистік идеологтардың бірі Джозеф Геббельс «өтірік неғұрлым сұмдық болса, соғұрлым оған сенуге дайын болады» деген.

Қазақфильм жайында

Егер нақты алсақ, мұның басым бөлігі менің Алматы әкімі лауазымындағы қызметіме қатысты. Жерді тәркілеп алып қойыпты деген сыңайдағы түрлі айыптаулар айтылады. Қазақфильмге келетін болсақ, бұл 100% мемлекеттік кәсіпорын. Ол шамамен 17 гектар жерді алып жатыр. Жер әрқашан қалаға тиесілі болды. Жер учаскесінің жартысында Қазақфильм ғимараты орналасқан, екінші бөлігі – түсірілім жұмыстары жүретін «жасыл аймақ».

Қала инвестиция салып, этно-ауыл салып бере ала ма деген өтініш түсті. Бұл идея тікелей Қазақфильм басшылығыныкі еді. 5,5 гектар жерді бөлу туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, Мәдениет басқармасының балансына берілді.

Көк-Жайлау жайында

Ол жерді жекеге берді немесе жеке құрылыс жүргізу үшін өзіне алып алды деп айыптайды. Бұл – шылғи өтірік. Біріншіден, жоба аясында ағаштарды кесу мүмкіндігі 17 есеге, 22 мыңнан 1280 ағашқа дейін қысқарды, құрылысты қысқартты, жобаның құнын 4 есеге азайтты. Осы қысқартулардың нәтижесінде 102 гектарды Іле-Алатау саябағына қайтардық. Бұдан басқа, біз бұрын Алматы облысында болған бұл жерлерге тексеру жүргізуді бастадық. Сол кезде жеке меншікке өтіп кеткен 5 гектар жер анықталып, оны мемлекеттік меншікке қайтардық.

Айтпақшы, жақында сол жерлердің жайын білмек болып едік, неге екені белгісіз порталда бұндай мәліметтер жоқ, жеке меншік иесі бар сияқты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жобаның болмайтынын нақты айтты. Қайталап айтамын, бұл киелі жер, ол жеке меншіктің қолына өтпеуі тиіс. Менің ойымша, құқық қорғау органдары бұл мәселемен айналысуы керек.

Мен әкім болған кезде бұл жер қалаға қайтарылды. Сонымен қатар, сіз білесіз бе, біз жерді жеке меншік иелерінен алып қойдық, олар ықпалды адамдар, әрине, бұның оларға ұнамағаны анық. Ақпараттық және басқа да шабуылдар жасалды. Қалаға қайтарылды. Меніңше, бұл әлі де тексерілуі керек. Ол жерге жеке құрылыс жүргізуге, ағаштарды кесуге болмайды. Бұл Мамай мырзаның күмәнді «дереккөзден» алған мүлде шындыққа жанаспайтын екінші жалған мәлімдемесі.

Esentai City құрылысы туралы

Esentai Сity-дегі жағдай тіптен қарапайым. Жанболат Мамай –патологиялық өтірік айтатын немесе жұртты адастыратын адам. Әл-Фараби маңындағы жерлер толығымен Қазкоммерцбанктің жерлері, мұны ашық дереккөздерден тексеруге болады. Бұл – жеке құрылыс салушы алып, құрылыс бастаған жеке меншік жер. Қала бұл құрылысты қолдады. Неліктен? Елбасының тапсырмасынан кейін мәслихат Әл-Фарабиден жоғары қарай тек үш қабаттан аспайтын ғимараттар салуға рұқсат етілетіндігі туралы шешім қабылдады.

7 немесе 3 қабатты ғимаратты алсақ, экономикасы әртүрлі. Бұл коммерциялық тұрғыдан тартымды үш қабатты құрылыстағы алғашқы жоба болды. Ал құрылыс деген не? Бұл жұмыс орындары, салық, саланы ынталандыру, баспанаға арналған қосымша шаршы метрлер. Әрине, сондықтан да біз бұл жобаны қолдадық. Бірақ бұл жерде алма бақтарын кесті, мемлекеттің жерлерін сатып, талан-тараж етті, әлде қандай бір сәнді пәтерлер алыпты-мыс деген ақылға қонымсыз нәрселер айтылды. Бұл үшінші шылғи өтірік және оны оңай тексеруге болады.

Атакент жайында

Мен Aтакент көрме орталығы маңында тұрдым, балалық шағым сонда өтті. Субұрқақтар болатын, адамдар серуендеп жүруші еді. Бұл аймақты өте жақсы білемін. Әкім болған кезде мүлдем жүйесіз құрылыс жүріп жатқанын көрдім. Біріншіден, көрменің аумағында көліктер жүрді. Егер қателеспесем 90-шы жылдары 54-55 гектар жер сенімгерлік басқаруға берілді және жеке меншік иесіне ол жерді жақсарту шарты қойылды. Шын мәнінде, жеке меншік иелері жерді жосықсыз пайдаланды. Кешенді ревизия жасалып, 27 гектар жер қала меншігіне қайтарылды.

Мен әкім қызметінен кеткен кезде, жердің бұрынғы иелері осы жерді қайтарып алу үшін осындай жалған ақпаратты тарата бастады деп ойлаймын.

Айтпақшы, ол жерде үлкен тұрақ болды. Бұл видеода Мамай мырза мені тұрақтардың жұмыс істеуіне рұқсат берді деп айыптайды. Керісінше, тұрақ жабылып, онда әйгілі «Тиін» тұрды! Серуендеп, демалатын қоғамдық кеңістік жасалып, адамдар осы маңға қайта орала бастады. Айтпақшы, бір кездері Шымбұлаққа да көліктерді өткізбеу туралы шешім қабылданған болатын. Онда жүздеген адамдар таңертеңнен тауға барады. Кеше көліктер ерсілі-қарсылы зуылдаған жерде, бүгінде адамдар демалып жүреді. Жайлы қала дегеніміз – бірінші кезекте адамдарға арналған қала. Демек, «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы жұмыс істейді.

Ахметжан Есімов және көлік реформасы туралы

Көптеген жұмыстар менің бастамам емес. Оларды Ахметжан Смағұлұлы жасаған. Әрбір әкім, егер ол парасатты, мемлекетшіл адам болса, онда ол дұрыс басталған істі жалғастыруы тиіс. «Оңай» көлік жүйесін Ахметжан Смағұлұлы бастаған, BRT – Тимирязев көшесінің бойындағы сәтті жобаны да Ахметжан Смағұлұлы бастады. Көк Жайлау жобасы да соның бастамасы. Тіпті, көптеген адамдар айтып, мені сол үшін мақтап жүрген Ян Гейлмен ынтымақтастықты да Ахметжан Смағұлұлы бастаған. Онымен Ян Гейл кездесті. Ол тек осы жобаларды бастады, мен бұл транспорттық реформаны бағалап, ары қарай жалғастырдым. Айтпақшы, нақ осы менің алдымдағы әкімнің кезінде БҰҰ даму бағдарламасы шақырылып, «Тұрақты көлік» жобасы болды.

Шын мәнінде, бүкіл көлік саласы көлеңкелі жағдайда еді. Салықтар да, зейнетақы аударымдары да жоқ. Күн сайын кэш. Барлық кәсіпорындар тек шығынға жұмыс істеп жатыр дейтін. Бірақ біз қатаң реформалар жолымен жүргеннен кейін, жария етілген нарық көлемі 24 млрд.теңгеге жетті. Іс жүзінде, төрт жыл ішінде автопарктің 80%-ті жаңартылды. Олардың жартысынан көбін жеке меншік иелері өздері сатып алды.

Біз нарықтық көлік жүйесін құрдық, ақылы автотұрақтар, арнайы жолдар, велосипед жолдары, жаяу жүргіншілер жолдары, такси, автобус, метро, LRT жобасын жасай бастадық. Бұл қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін шаралар кешені еді.

Басында біз арзан дизельді автобустар сатып алдық, содан кейін газбен жүретіндерін алдық, ал мен әкім қызметінен кетер алдында Алматыда электр автобустарының зауытын салдық. Міндет – дизельден газға, газдан электр автобустарына көшу, машиналар санын азайту. Нақты, түсінікті, жүйелі стратегия болды.

Шын мәнінде алматылық ретінде мен бұл қаланы жақсы білемін. Осы қалада өскен соң оны жақсы көресің, жақсы білесің және шешім қабылдағанда осылардың бәрін ескересің.

ЖЭО-2 жайында

Маған қатысты көмір мафиясын «қанатының астына алып», ЖЭО-ны газдандыруға кедергі келтірді деген айыптау да тағы бір өтірік. Алматы – Елбасы жақсы көретін қала және ол жыл сайын Алматыны дамыту жөнінде кеңестер өткізіп келеді. Егер қателеспесем 2016 жылы біз бұл мәселені көтердік, Елбасы оны қолдады. Бұл «Самұрық Энерго» мен Үкімет ЖЭО-2-і газдандыруды қамтамасыз етуі тиіс деген Елбасының тікелей тапсырмасы болатын.

«Nur Otan» партиясы тағы да осы 5 жыл ішінде ЖЭО-ны жаңғыртуды өзінің Республикалық сайлауалды бағдарламасына енгізді. Үкімет пен барлық басшылар газдандыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Миллиардтар мен 50-60% «откаттар» туралы

Оның бүкіл мақалада бар болғаны бірнеше ғана санды атайтыны біртүрлі қызық көрінді. Ол былай дейді: «Байбек әкім болып тұрған кезінде, жол құрылысындағы «откатты» көтерді. 30% еді, қазір «откат» 50-60%-ке жетті, бүкіл бюджетті «жеп қойды». Ол мысалға келтіретін жалғыз цифр осы. Бірақ түсінгеніміздей, Мамай мырзаның математикасы да нашар екен. Менің не істегенімді білу үшін жай ғана статистиканы қарау керек.

Миллиард доллар дегенің қандай қомақты қаржы екенін түсініп отырған боларсыз? Бұл өте үлкен цифр. Алматының бюджеті бар, ол бір жарым миллиард. Бірақ бюджет бөлінеді. Ағымдағы, даму бюджеті бар. Ағымдағы бюджет – бұл мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы, әлеуметтік төлемдер, мектептер мен ауруханаларды ұстап тұру. Бұл шығындар өзгермейді. Бюджетке келіп түседі, оны бірден таратып бересің, бұл жалақы сияқты. Содан соң даму бюджеті деген ұғым бар.

Мәселен, 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі жергілікті даму бюджеті жылына орта есеппен 150 млн долларды құрайды. Егер 4 жыл ішінде бүкіл даму бюджетін қоссақ, онда шамамен 600 миллион доллар жиналады. Мәслихат, депутаттар, мердігерлер, компаниялар қарап отырған жергілікті бюджеттен әкім 600 млн доллар алып, қалтасына басады-мыс. Бұл ғылыми емес фантастикада ғана мүмкін дүние шығар. Қалада мүлдем ештеңе жасамаған күннің өзінде миллиард деген цифрды қайдан алуға болады?

Сонымен қатар, Алматы әкімі болған кезімде, келесі күні Total сайтында ғой деймін «Байбектің отбасы немен айналысады?» деген мақала шықты. Онда менің отбасы мүшелерімнің аттары аталатын компаниялар туралы айтылған. Мен тағайындалғаннан кейін ертесіне-ақ жарияланды, біреу өте жылдам ақпарат жинаған болып тұр ғой. Сірә, ол адамдар менің Алматы әкімі болатынымды біліп, мақала дайындап, жариялаған. Жанболат Мамай атаған компаниялардың барлығы мен Алматы әкімі болғанға дейін құрылғанын айтқым келеді. Ол компаниялардың ешқайсысы Алматымен байланысты емес. Бұл біріншіден. Содан кейін 4 жылдан соң, Алматы әкімі қызметінен кеткенімде, UZUN Qulaq телеграм-арнасы дәл осы деректерді беріп, бірақ соңында: Байбек долларлық миллиардер. Сол активтермен қазірдің өзінде миллиард дегенді қосып қояды.

Сонымен қатар, онда менің әлде қандай бір бизнес империя құрғаным туралы айтылады, былай қарап шықсам, шамамен 100-ге жуық компания екен. Осы үлкен тізімнің ішіндегі тек 10-ға жуық компания менің отбасыма қатысты деп айта аламын. Мен оны жоққа шығармаймын. Мұның бәрі декларацияланған, ресми дереккөздерде жарияланған, салығы төленген. Бірақ егер мәселе менің отбасыма қатысты болса, нақтысын айтайын. Менің ата-анам кеңестік заманда Киевте оқыды. Анам технологиялық университетті бітірді, әкем көлік-экономисті, олар өмір бойы жұмыс істеді. Анам бірнеше зауыт салған, Қазақстанның жетекші технологы. 90-жылдары ол жеке салаға кетті, содан бері өзі үшін жұмыс істейді. Әкем 90-шы жылдары бизнеспен айналыса бастады. Әкемнің тегі кеңес заманында еш жерде аталған жоқ. Ол министр болған жоқ, жоғары лауазымдарды қызметтер атқармады. Орта деңгейдегі бастық болды. Айтпақшы, банкте жұмыс істеді, несие алды, кооперативтер, жеке бизнес құрды.

Айтылған компаниялардың жартысы банкротқа ұшырады. Бизнес – бұл тәуекел. Тәуекелге барып, бір істі қолға аласыз, біреуі болады, біреуі болмайды. Менің отбасымның бірде-бір мүшесі мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Бұл компаниялар жекешелендіруге қатыспаған, олар арзан бағамен кейбір кәсіпорындарды сатып алған жоқ. Олар зияткерлік кәсіпорындар және Алматыдағы қызметіммен ешқандай байланысты емес, бұл ең бастысы. Ол жерде ірі жобалар жоқ.

Көпе-көрнеу өтірік айту, бұл ешқандай шеңберге сыймайды. Әркім өзінің ар-ұжданы мен халықтың алдында жауап береді. Маған шыншыл болуды, әрқашан жақсылыққа жақсылықпен жауап беруді үйретті. Ақты ақ, қараны қара деп айтуға, жасаған іс-әрекеттерің үшін жауапкершілік алуға және шешім қабылдауға баулыды. Елбасы да әрдайым осыған үйретті. Шешім қабылда, бірақ сол үшін жауап бере алатын бол деді.

«Болашақ» бағдарламасы туралы

Болашақтықтарға қатысты көпе-көрнеу жалған әңгімелер айтылуда. Оларды жемқор, жартысы елге оралмаған деп соқты. Өздеріңіз білетіндей, мен ресми мәліметтерді сұраттым, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 14 мыңнан астам адам білім алды. Олардың арасында осы уақыт ішінде небәрі 159 адам ғана елге оралмады. Олар ақшаны мемлекетке қайтарды. Яғни, ол бүкіл бағдарламаны негізсіз айыптайды.

Екіншіден, мен «Болашақ» бағдарламасы – Елбасының ең сәтті жобасы деп айтқым келеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия секілде елдер де осындай бағдарламамен оқытқан, бірақ мұндай ауқымға жете алмады. Бүгінгі таңда болашақ түлектерінің 52%-і басшылық орындарда, бизнесте, ал орташа деңгейдегілері – экономиканы алға жетелеп жүрген менеджерлер. Болашақтықтардың 10%-і өз жеке компанияларын құрды, 200 мыңнан астам ота жасап, 145 мың балаға білім берді, мыңдаған азамат ғылыми жұмыстар қорғады, оларға басқа елдер ғалымдары сілтеме жасауда. Тіпті Алматыға да итальяндық каршеринг компаниясы келгені есімде. Итальяндықтардан қалай келгендерін сұрағанда, олар болашақтың түлегі Мұхит есімді жігіттің осыған сендіре алғанын айтты. Сол жоба бойынша келді. IT-саласында да айқайлап жарияға жар салмай-ақ іспен дәлелдеп жүргендерді көрдім.

Айтпақшы, «Болашақ» қауымдастығын да меншігі деп маған телиді. Сонымен қатар, «Байбектің отбасы нені иеленеді» деп жариялаған жазбада «Болашақ» корпоративтік қорының айналымын толығымен алып, менің меншігіме жазады. Бірақ Мамай мырза заңгер бола тұра, сауатсыз деп айтар едім.

Қоғамдық ұйым дегеніміз не? Ол коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Мен «Болашақ» қауымдастығы құрылтайшыларының бірімін. Бұл – 20 жыл бұрын құрылған үкіметтік емес ұйым. «Болашақ» қауымдастығы көптеген пайдалы істер жасады. 10 жыл бұрын біз «Болашақ» корпоративтік қорын құрдық. Біз аутизм мәселесімен айналысамыз. Біз бүгінде 2 мың аутист балаға көмектестік, мамандар 1200 ата-ананы оқытты. Заңнамалық ұғымдар енгізіп, 420 жұмыс орнын құрдық, ел бойынша 17 өңірде 57 инклюзия кабинетін аштық.

Біз демеушілік қаражат есебінен 36 фильмді аудардық. Голливудтық фильмдерді еліміз бойынша қазақ тіліне аударумен тек біз ғана айналысудамыз. Ал Мамай мырза өзінің саяси партиясымен кем дегенде бір балаға көмектесті ме? Пайдалы бір нәрсе істеді ме?

«Болашақ» қауымдастығы 2000 адамды біріктіреді. Біз оның саяси партиясынан әлдеқайда көппіз. Бірақ «Болашақ» қауымдастығы саяси қызметпен айналыспайды. Ол қайырымдылықпен, әлеуметтік, қоғамдық қызметпен айналысады. Мұны мен Елбасының зор еңбегі деп білемін. Айтпақшы, онда көптеген толық емес, қарапайым отбасылардың балалары бар. Олар еліміздің игілігі үшін жұмыс істейді.

Жанболат Мамайды сотқа беру туралы

Елбасы үнемі айтады, егер ар-ұжданың таза болса, сот төрелігі арқылы қорға. Біз демократиялық мемлекет құрып жатырмыз, бірақ демократия — бұл анархия емес, заңсыздық емес, бұл заңның үстемдігі. Әр адамның өз атын, абыройын және т.б. қорғауға конституциялық құқығы бар. Сонымен қатар, Елбасы 2015 жылы 5 институционалдық реформаға бастамашы болып, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл идеяны дамытып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы айтты. Бұл жай құлақ асу ғана емес, әрбір әрекетің үшін жауап бере білу деген сөз.

Қазіргі таңда мен мемлекеттік қызметші емеспін, шындығында мұны істеуге міндетті емеспін. Бірақ, біріншіден, мен Конституцияны құрметтейтін және оған мойынсұнатын Қазақстан Республикасының азаматымын және де адам ретінде атым мен үшін қымбат.

Әлгі материалдарды анам, жақындарым оқиды. Сондықтан менде БАҚ арқылы барлығын айтудан басқа амал болмады. Солай жасадым да. Бірақ мен партия мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ретінде партияның Жарғысы, партия мүшесінің Әдеп кодексі бар екенін айтқым келеді. Міне, соларға сәйкес мен оған азаматтық және әкімшілік іс жүргізу өндірісі шеңберінде сотқа жүгінетінімді ресми түрде айтып отырмын. Мүмкін, мен прецедент жасайтын шығармын, жасыратын ештеңем жоқ. Мұны болашақта Мамай сияқты адамдар жазықсыз адамдарға күйе жақпауы үшін жасаймын.


Ключевые слова: Партиялар, Nur Otan партиясы, Видео,
Наверх