Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Батыс-2021»: Қазақстан мен Ресей десантшылары бірлескен тапсырмаларды орындады

13 Сентября 2021 21:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Батыс-2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығуының белсенді кезеңі жалғасуда. Ресей Федерациясының «Мулино» полигонында Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Ресейдің Әуе-десанттық әскерлерінің бөлімшелері елді мекенді шартты қарсыластан азат етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Десантшылар Ми-8АМТШ армиялық авиация тікұшағынан қону тәсілімен десант түсіруді орындады. Әскери контигенттер нақты әрі үйлесімді іс-қимыл жасай отырып, елді мекендерде қарсыластан қорғануды және оған жақындап ұрыс жүргізіп, атыс нысандарын жойды.

Әскери тікұшақтар қарсыластың нысандарына соққы беріп, тактикалық десант түсіру іс-қимылын қолдады. Тапсырмаларды орындауда атыс аймағының көрінбеуі, маневрдің және бөлімшелерді басқарудың күрделілігі қиындық тудырды.

Қорытындылай келе, оқу-жаттығудың басшылығы Қазақстан мен Ресейдің десанттық-шабуылдау батальондарының командирлері гвардия майоры Асқар Мұхит пен гвардия подполковнигі Иван Яровенко басшылық еткен қосымша бөлімшелердің іс-қимыл үйлесімділігін атап өтті.




Аталған іс-қимылға 300-ден астам десант, 10-нан аса әскери авиация тікұшағы жұмылдырылды.

Беларусь елінің Брест полигонында Қазақстан, Беларусь және Ресейдің әскери контингенттері Ил-76МД ұшақтарынан түнде десант түсіруді орындады. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес 1500 метр биіктіктен түнде көретін құрылғыларды пайдалана отырып, арнайы жасақ десант түсіруге арналған алаңдарды басып алды. Олар жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға бірден кірісіп кетті.

Естеріңізге сала кетсек, «Батыс – 2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығуы Ресей және Беларусь елдерінің әскери полигондарында бір уақытта өтуде. Бұл бірлескен маневрлер заңсыз қаруланған құрамалармен күресуге бағытталған.











Ключевые слова: Әскер, ҚР Қорғаныс министрлігі, Ресей, Беларусь,
Наверх