Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ауыл кәсіпкерлеріне субсидия берерде нақты міндеттер қою қажет – Құмар Ақсақалов

26 Января 2022 20:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов субсидия алушыларға жақында қарсы міндеттемелер қойылатынын айтты. Ұсыныстар қазір Парламентте талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұған дейін заңнамаға пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша өзгеріс енгізілді. Яғни оң тәжірибе бар. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия беру кезінде қарсы міндеттемелерді енгізу бойынша ұсыныс қазір Парламент талқылауына жіберілген.

«Біріншіден, еңбек өнімділігін арттыру үшін субсидия алушыларға қатаң шектеулер қою керек, сондай-ақ жердің әлеуетін дұрыс қолданбай, аз түсім алатындар үшін субсидиялар беруді тоқтату қажет.

Екіншіден, өсімдік шаруашылығымен айналысатындар мал шаруашылығын қатар алып жүруі керек деп санаймыз. Бұл ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы» заңның 44-бабына сәйкес негізгі құрылтайшы «есепті қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш айдан кешіктірмей жылдық қаржылық есептілікті бекітуге арналған жиналыс өткізуі тиіс». Іс жүзінде бұл норма жұмыс істемейді. Ауылшаруашылық құрылымдарының көпшілігі бұл талапты сақтамайды. Өкінішке орай, бұл үшін заңда жауапкершілік қарастырылмаған. Ортақ үлесі бар жер пайдаланушылар алдында міндетті есеп жүргізу бойынша талаптарды қатаңдату қажет. Есеп беру кездесулері шынымен жұмыс істейтін құрал болуы керек. Мұнда сондай-ақ ауылдың әлеуметтік мәселелері - үйлерге су тарту, мұқтаж адамдарға көмек көрсету, жастардың бос уақыты, төменгі сынып оқушыларын тегін тамақтандыру, тазалық пен тәртіп, бақшаларды жырту және т. б. мәселелер талқылануы тиіс. Ал алдағы есеп туралы дербес және алдын ала кем дегенде жарты жыл бұрын хабарлау қажет. Барлық осы талаптарды орындамағандарға айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылуы керек.

Бұдан басқа, ортақ үлестік жер пайдаланудың иесі, кәсіпкер және жергілікті атқарушы билік арасында жыл сайын үшжақты меморандумды заңнамалық түрде енгізіп, бекіткен жөн. Құжатқа қорытынды есеп беру кездесуінде қол қойылады.

Меморандумның негізгі мақсаты – оның қатысушылары ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ортақ үлестік жер пайдалану иелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға ғана емес, сондай-ақ тараптардың өзара қарым-қатынастарын нығайтуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады», - дейді Құмар Ақсақалов.

Бүгін ауыл тұрғындарына мал жаятын жер тапшы. Бірақ өңірде 411 мың га ауыл шаруашылық жері, соның ішінде 147 мың га жыртылған жер бос жатыр.

«Сондықтан біздің төртінші ұсынысымыз - елді мекендерге іргелес ауыл шаруашылығы жерлерін мал жаю үшін мәжбүрлеп алып қою рәсімін жеңілдету.

Бесіншіден, жайылымдық жерлердің тозуына байланысты халықтың малын жаю үшін мәселені шешу қажет. Облыс бойынша тұрғындардың малын жаюға 442 мың га қосымша қажет. Өздеріңіз білесіздер, мал жайылымы басылып, шөбі таусылады. Осыған байланысты, жайылымдық жерлерді қалпына келтіру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдарды міндетті түрде түбегейлі жақсарту жөніндегі нормалар қажет. Бұл жұмысты ауыл шаруашылығы құрылымдары жүргізуі тиіс. Біз ұсынып отырған барлық шаралар ауыл шаруашылығы құрылымдарының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, ал бұл өз кезегінде ауылдағы тұрмыс сапасын арттырады», - деді Құмар Ақсақалов.


Наверх