Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда фельдшерлер клиникалық өлім белгісі бар адамды құтқарып қалды

21 Сентября 2021 05:40

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері клиникалық өлім белгісі бар адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жылыой аудандық жедел жәрдем бригадасының құрамында фельдшерлер Айгүл Тұрабаева, Жанаргүл Заулекенова, Қадыр Ибрагим және Ерлан Жасанов болған.

«Біз шақыртумен келгенде ер адамда клиникалық өлімнің белгісі байқалды. Науқасқа жедел реанимациялық іс-шараларды бастадық. Пациенттің жүрегі екі рет тоқтады. Алайда, біз дефибрилляторды қолданып, ер адамның өмірін сақтап қалдық», - дейді фельдшердің бірі Ерлан Жасанов.

Оның айтуынша, фельдшерлер өлім аузында жатқан науқастың өмірін сақтау үшін 20 жиырма минуттай күрескен.

«Реанимациялық іс-шараның нәтижесінде ер адамның жүрек соғысы қалпына келді. Бірнеше минуттан кейін өздігінен тыныс ала бастады. Науқасты өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, ауруханаға жеткіздік» -дейді Е.Жасанов.

Қазір өмірге қайта оралған ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанғанын хабарлаған болатынбыз.

Автор Бек Мұстафа
Ключевые слова: Оқиға, Медицина, Атырау облысы,
Наверх