Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Атырауда әр күні түрлі іс-шара өтетін этносаябақ ашылды

17 Мая 2022 04:23

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылына барар жолда әр күні түрлі іс-шара өтетін этносаябақ ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Этносаябақты кәсіпкер Гүлжан Қозекешева «Nurly tal» деп атаған. Оның айтуынша, ерекше паркті ашу идеясы 5 жыл бұрын туындаған.

Әкімдік этносаябақ үшін 2 гектар жер бөлген. Жобаның құны – 280 млн теңге. Мұнда келушілер қолөнер бұйымдарын тамашалай алады. Алтыбақан теуіп, ұлттық тағамдар мейрамханасынан дәм татады.





«Біз күн сайын әртүрлі іс-шара өткіземіз. Мәселен, сейсенбіні қоршаған ортаны қорғауға арнауды көздедік. Бұл күнгі өтетін шаралар табиғаттың тазалығын сақтауға бағытталады. Сәрсенбідегі бағдарламаның барлығы балаларға арналады. Бейсенбі күні қазақстандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтеді. Жұмада қала тұрғындары мен қонақтары үшін конкурстар, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Сенбі – отбасылық күн, жексенбі – жастар күні», - дейді этносаябақ директоры Гүлжан Қозекешева.








Оның айтуынша, паркте жергілікті қолөнершілерге өз тауарын сатуға орын берілмек. Сондай-ақ төрт түлік көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Қазір жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өз кәсібін жаңадан бастағандар мен жас қолөнершілерге қолдау көрсетеміз. Олар этносаябақта өтетін жәрмеңкелерге қатыса алады», - дейді этносаябақ директоры.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда үкіметтік емес ұйымдар жобаларының жәрмеңкесі өткенін жазған едік.





Наверх