Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әскер көрген бала ертең ата-анаға масыл болмайды – Мәжіліс депутаты

16 Сентября 2021 13:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Жолдауындағы әскери борыштың жастардың өміріндегі орнын нығайту туралы бастамасы заман талабынан туындап отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отанды қорғау – Ата заңымыздың 36-бабы бойынша, әрбір ер азаматтың парызы да, қарызы да. Бірақ біз осы міндетті лайықты атқарып жүрміз бе? Қазіргі жастар «әскерге барсам» деген бағытта емес, керісінше, «әскерден қалсам» деген бағытта жүр. Көбінің ойы әскери билет тек жұмысқа тұру үшін керек дегенге саяды. Қазіргі алмағайып кезеңде мектеп қабырғасындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің рөлін көтеру керек. Ұлдарымызды азамат ретінде қалыптастыратын құралдың бірі осы. Қазіргі «Жас сарбаз» жобасы да өте керек. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің көбі қазір армияға барып, сол жерден қалып жатыр. Соған баланс ұстау үшін мектеп қабырғасында әскери білім мен тәрбиені сіңіру маңызды», - деді депутат Ұлттық академиялық кітапханада өткен баспасөз конференциясының алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы әскери борышын өтеуден жалтару жайттарымен ұшырасып тұратынын айтады.

«Кейде маған таныстар қоңырау шалады. «Баламды әскерге шақырып жатыр еді, алып қалуға болмай ма» деп өтініп айтатындар бар. Мен оларға керісінше әскерге бару баланың өз болашағы үшін керек екенін түсіндіремін. Әскерге барып келген бала ертең ата-анаға масыл болмайды. Жігітке жігіттік сипат беретін де әскер. Ол өмірден өз жүгін көтеріп өте алады. Әскерге барған қай бала болсын, жемқорлықтан ада, отанын сүйетін адам болып шығады. Жырақта жүріп ата-анасының, туған өлкесінің қадірін жете түсінеді. Саяси сауаттылық та әскерде қалыптасады. Әскерде қару атудан басқа да көп дүние үйретіледі өйткені. Осы тұрғыдан алғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға өмірдегі өз орнын армия қатарында жүріп табатындай жағдай жасау туралы бастамасы өте орынды деп ойлаймын», - деген Бақытбек Смағұл бұл істе ардагшерлердің мемлекетпен қанаттасып жұміс істей алатынын еске салды.

«Оған біздің ауған соғысының ардагерлері тірі үлгі ретінде үлес қосуға дайын. Елімізде тұңғыш рет «Ардагерлер туралы» заңның қабылданғанына да көп болған жоқ. Осы тұрғыдағы жұмыстар жалғасын тапса, әскери борышын абыроймен орындаған азаматтар лайықты құрмет көріп жатса, салаға деген қоғамның көзқарасы, жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасы артады», - деді Мәжіліс депутаты.


Наверх