Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асхат Аймағамбетов оқушыларға қажетсіз «басы артық» пәндер жайында пікір білдірді

27 Сентября 2021 20:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «мектепте кейбір қажетсіз пәндерді оқытпау керек» деген пікірге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, еліміздің көп мектептерінде балалар аптасына 5 күн оқиды. Өкінішке қарай, кейбір орын тапшы мектеп оқушылары 6 күндік жүйемен оқуға мәжбүр. Ондай сыныптар бар. Әрине, ол ыңғайсыздық туғызады. Осы жерде бір жайтты анықтап алу керек, бұл - еліміздегі мектеп жетіспеушілігінен емес, бар мектептегі орынның тапшылығынан туындап отыр. Келесі бір маңызды мәселе - мектептердегі қажет немесе қажет емес деген пәндер жайында. Өздеріңіз білетіндей, білім беруде типтік оқу жоспары, оқу бағдарламасы және мемлекеттік стандарт бар. Сондықтан «мына пән керек, анау керек емес» деу - дұрыс емес. Еліміздің жалпы білім беру мемлекеттік стандартына сәйкес, балалар үшін барлық пән қажет және маңызды», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр еліміздегі мектеп тапшылығы проблемасына тоқтала келе оның шешілетінін айтып сендірді.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов елімізде жүріп жатқан санақ жұмысына мұғалімдер жұмсалған жағдайда айыптылардың жауапқа тартылатынын ескерткен болатын.


Наверх