Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Асфальт топырақ үстіне төселуде»: Атырауда әкімдік жол құрылысына түсінік берді

7 Декабря 2021 17:50

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда аудан әкімдігі ауылдағы жол құрылысына қатысты сынға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын әлеуметтік желіде Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолына қатысты видео тараған еді. Онда видео авторы жұмсақ топырақтың үстіне асфальт төселіп жатқанын айтып, көрсетеді.



Осыған байланысты Құрманғазы ауданының әкімдігі түсінік берді.

«2018 жылы Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында жаяу жүргінші жолдары бар ауылішілік жолды реконструкциялау жұмыстарына жоба жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталды. 2020 жылы қаражат бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұрды. Қазіргі таңда қаражат бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Мердігер мекеме – «БекетСәтЖол» ЖШС, тапсырыс беруші – Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Жоба бойынша қарастырылған 8 шақырым жаяу жүргіншілер жолының қазіргі таңда 3,3 шақырымы төселген. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілер жолы құрылысына 15 см құм қиыршық тас қоспасы (ПГС), 4 см асфальт салынуы қажет. Құрылыс жұмыстары толықтай жобаға сәйкес жасалуда. Қазіргі уақытта ауа райының қолайлы болуына (+6,+8) байланысты құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс өндірісінде қолданылатын материал сапасы мен ауа райы жағдайында пайдалану мүмкіндігін растайтын тиісті сертификаттар мен жол зертханасының қорытындылары бар», - делінген Құрманғазы ауданының әкімдігі таратқан ақпаратта.

Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, жол құрылысы тапсырылғаннан кейін мердігер мекеме оның сапасына қатысты 24 айға кепілдік береді. Аудан әкімдігі бұл жұмыстарды тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.


Автор Бек Мұстафа
Ключевые слова: Видео, Аймақ, Атырау облысы, Жол, Құрылыс, Әкімдік,
Наверх