Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Нефтехимиктен» басым түсті

4 Декабря 2021 22:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бүгінге дейін 28 мәрте шеберлік байқасты. Оның 16-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

Екі команда арасындағы соңғы алты кездесудің бесеуінде қазақстандық клуб жеңіске жетті.

Кездесу барысында командалар бастапқы уақыттан шабуылға көбірек көңіл бөлді. Десе де кейбір сәттерде өз мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. Бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде «Нефтехимик» сапынан Сергей Купцов 30, Павел Порядин 33-минуттарда мергендік танытты. Оған 39-минутта қазақстандық клубтан Роман Старченко бір голмен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде «Барыс» сапынан Кирилл Савицкий 47-минутта таразы басын теңестірсе, Кёртис Валк 52-минутта елордалық команданы алға шығарды. Ал 59-минутта елордалық клубтан Томаш Юрчо қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» 6 желтоқсанда Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасымен кездеседі.

Еске салсақ, «Барыс» бұдан бұрын елордада ресейлік «Динамо» (Мәскеу) командасына есе жіберді.


Автор Әділжан Үмбет
Ключевые слова: Спорт,
Наверх