Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Рафаиль Қыпшақбаев антиваксерлердің сөзі неге жұртқа жағымды болатынын түсіндірді

30 Ноября 2021 16:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан медицина университетінің Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев табиғи иммунитетке сенім артып, баласын вакциналаудан тартынып отырған ата-аналарға үндеу тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қараңғылықпен күресу қиын әрі берекесіз шаруа. Әрине, вакцинация мәселесінде әркімнің еріктілік құқығы бар. Мен әрдайым кез келген науқанның ерікті жүргенін жақтаймын. Қандай да бір шараға мәжбүрлеу кері реакция туғызады. Бұл жағдайда ата-аналарға вакциналаудың пайдалы екенін, мұның игілік екенін кеңінен түсіндіріп,ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу қажет», - деді Рафаиль Қыпшақбаев Денсаулық сақтау министрі ұйымдастырған онлайн дәрісте.

Оның пікірінше, антиваксер аталып кеткен топтың қоғамдық пікірге әсері күшті. Өйткені TikTok, Instagram сияқты заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдаланады.

«Қазір халықтың көбі ақпаратты ресми көздерден, кәсіби ақпарат құралдарынан емес, әлеуметтік желіден іздейді. Сондықтан ресми түсіндірмелерді қабылдауы қиын. Өйткені қазіргі адамдардың назары 30-40 секундтық мәліметтен артық дүниеге ауа бермейді. «Антиваксерлердің» сөзі көпшілік үшін тартымды әрі түсінікті болғандықтан, ресми медицина ақпарат майданында ұтылып жатыр деп айтуға болады», - деді ғалым.

Сондай-ақ, ол табиғи иммунитетке сенім артып, баласын вакциналаудан тартынып отырған ата-аналарға үндеу тастады.

«Статистикаға сүйенсек, балалардың шамамен 85%-ы коронавирус инфекциясын симптомсыз өткереді. Бірақ қалған 15%-ында ауру асқынған формада жүру ықтималдығы жоғары. Симптомсыз ауырған балалар айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін. Әсіресе вирус алдында қауқарсыз егде жастағы адамдарға жұқтырса, салдары қиын болуы мүмкін», - деді маман.


Наверх