Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының эмоционалды күйінуден шығу жолдары - сұхбат

19 Ноября 2021 11:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі қоғамда ерекше балалардың ата-аналарының эмоционалды күйіну жағдайлары кездесіп жатады. Осындай күйдегі ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың стратегиясы мен оның шығу жолдары жайында толығырақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Динара Досмурзаева айтып берді.

- Динара, сәлеметсіз бе! Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары мен сіздердің қоғамдық бірлестіктеріңіздің қызметкерлері, оқытушылары арасында байланыс орнатуда қандай да бір қиындықтар бар ма?

- Қайырлы күн! Республикалық қоғамдық бірлестік, яғни әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық ассоциациясының ашылғанына биыл үш жыл толды. Ал мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен жұмысты бастағанымызға жарты жыл болып қалды. Бүгінде біздің қызметкерлеріміз бен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың арасында осы уақытқа дейін ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Біз әр ата-ананың өтінішін тыңдап, олардың мәселелерін ескере отырып, көмек көрсетуге, қол ұшымызды беруге әрқашан да дайынбыз.

- Осындай отбасыларға психологиялық-педагогикалық қолдау қалай көрсетіледі?

- ЮНИСЕФ балалар қорының бірлескен жобасы аясында, біздің бірлестік мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың қажеттіліктерін бағалау мақсатында, зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу, жалпы Қазақстанның барлық 17 аймағын қамтыды. Яғни бұл аталмыш зерттеуге еліміздің 17 аймағында мекендейтін ата-аналар қатысты. Зерттеудің нәтижесінде, яғни ата-аналардың басым бөлігіне әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек қажет екені анықталды. Сол зерттеу қорытындысы бойынша осы категориядағы ата-аналармен жұмыстың жоспары, бағдарламасы әзірленді.

- Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың стратегиясына тоқталып өтсеңіз.

- Ата-аналық міндет тәулігіне 24 сағатты талап ететін өте ауыр жұмыстың бірі десек те болады. Әрине, көптеген ата-ана осы жұмысты, яғни ата-аналық міндетін орындау кезінде шаршауы мүмкін, жалғыздық сезімді бастан кешіруі мүмкін, болмаса күйзелістің жоғары деңгейін сезіне бастайды. Сонымен қатар осы категориядағы ата-аналар өздерінің денсаулығына назар аудармай кетеді. Көп назарын, яғни қамқорлығын тек қана балаларға бағыттайды. Соның нәтижесінде ата-аналарда эмоцианалды күйіну синдромы пайда болады. Ал біздің құрастырған бағдарламамыз осы категориядағы ата-аналардың эмоцианалды күйіну синдромын алдын алуға бағытталған.

- Осы ерекше балалардың ата-аналарының эмоционалды күйіну жағдайы орын алады деп атап өттіңіз. Оның шығу жолдары қандай? Нақты терапия бар ма?

- Мамандардың кеңесі бойынша, эмоционалды күйіну синдромының алдын алу үшін «Кітап терапиясының» пайдасы өте көп. Өзіміздің жобамыздың аясында халықаралық экспертпен жұмыс істеудеміз. Бұл сарапшы – Рахат Оразова деген зерттеуші. Сондай-ақ «Кітап терапиясының» хас маманы деп айтсақ та артық емес. Осы сарапшының бастамасымен аталмыш терапия бойынша нұсқаулықты дайындап жатырмыз. Сонымен қатар «Кітап терапиясы» тақырыбында ата-аналармен онлайн кеңес өткізілуде. Бұл туралы мәліметті біздің қоғамдық бірлестігіміздің Facebook парақшамыздан көрсеңіздер болады. Алдын ала анонстарын жариялап отырамыз. Сондай-ақ эмоцианалды күйіну синдромының алдын алу үшін мамандар көптеген кеңес ұсынады. Оның ішіндегі кейбіреуіне тоқталып өтсем, осы категориядағы отбасы мүшелері, яғни ата-аналар өздеріне жақын адамдармен, достарымен қарым-қатынасқа көп түсуі қажет. Сонымен қатар адам өзіне ұнайтын бір іспен айналысқаны дұрыс деп айтады. Демек, өзіне бір хобби тапқаны жөн және де көп серуендеу керек, көп қозғалыста болғаны абзал. Яғни кез келген физикалық белсенділік адамды тыныштандырады.

- Ерекше білімді қажет ететін балалар мектепке барғанда ата-аналарда пайда болатын қиындықтар турасында...

- Денсаулығында шектеуі бар балалар мектепке барған кезде қиындықтар кездеседі. Бұл қиындықтардың бірі – осы категориядағы баланың қалыпты балалармен сабақта бірге оқитынына басқа ата-аналардың теріс көзқарасы. Көп ата-ана оған қарсы болып келеді. Сондай-ақ тағы бір атап өтетін қиындықтардың бірі – сыныптастарының ерекше балаға деген қарым-қатынасы. Яғни олар осы категориядағы балаларды мазақтауы, қорлауы мүмкін. Бүгінгі таңда елімізде біз кедергісіз ортаны ұйымдастыра алмай отырмыз. Мұндай балалардың жалпы кейінгі өмірі алған білім деңгейіне емес, оның қаншалықты әлеуметтік бейімделуіне, өмірлік жағдайды қалай басқара алатынына байланысты. Ал оның барлығын ерекше балалар құрбыларының арасында, қоғамда үйрене алады. Яғни осындай қиындықтар әлі күнге дейін біздің қоғамымызда орын алып отыр.

- «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» РҚБ көмек көрсеткен отбасылардың статистикасы бар ма?

- Осы жоба аясында мың ата-анаға көмек көрсету көзделген. Қазіргі уақытта шамамен 400-450 ата-анаға онлайн кеңестермен қатар, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетілді. Жұмысымызды жалғастыра отырып, діттеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.

- Динара, жауабыңызға рахмет.

- Рахмет.

* Осы материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және міндетті түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.

Ключевые слова: ЮНИСЕФ, Общество,
Наверх