Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе тарихшылары қуғын-сүргінге ұшыраған 840 адамның аты-жөнін анықтады

24 Сентября 2021 22:31

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Архивтен 840 адамның аты-жөні табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысына мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық полиция департаменті, мемлекеттік архив, облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілдері қатысты. Қазіржұмыс тобы Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві мен облыстық полиция департаментінің архивінде 9 бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 840 адамның тізімі анықталып, ақтау үшін мемлекеттік комиссияға жолданды.

«Бір ғана Ақтөбе бойынша дүние-мүлкі тәркіленуге жататын 59 байдың тізімі анықталды. Өзі ғана емес, отбасы түгел жапа шекті. Әлеуметтік статус ғана емес, дін өкілдері, бұрынғы сұлтан, төрелердің тұқымдары да қудаланды. Зерттеу тобының негізгі жұмысы - анықтау. Ақталды ма, ақталмады ма деген сұрақтарды да қараймыз. Ақталмаса, себебі зерделенеді. Сотталған, қудаланған адамдардың бәрі 1926 жылы Ресейдің қылмыстық кодексі негізінде сотталған. Ең көп кездесетіні – 58-бап. Ол «Мемлекетке қарсы іс-әрекеттер» бабы болған. Сондай-ақ 59, 73, 79, 107, 111-баптар да бар. Бәрі мемлекетке қастандық, мүлікті талан-таражға салуға бағытталған. Біз қуғын-сүргінге түскен адамдардың тізімі анықталып, ортақ базасы құрылса дейміз. Ақтөбе облысында «Қуғын-сүргін құрбандары» деген 3 томдық кітап бар. Жазықсыз қудаланған азаматтарды таныстыру, ақтауды мақсат етеміз. Оған баға беретін арнайы мамандар бар», - деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов.

Сондай-ақ дін және дін өкілдері туралы құжаттар көбіне араб графикасымен, яғни, төте жазумен жазылған. Кейбір қаріпті жазуда өзгешелік бар. Мұның бәрі зерттеушілердің құжатты толық зерделеуі үшін кедергі келтіріп тұр. Архивте қудалауға ұшырағандармен қатар 1927-1933 жылдары сайлауға қатысу құқығынан айырылған 500-ге жуық дін қызметкерінің аты-жөні де табылды. Оларды жауапқа тарту дерегі құжатқа ресми тіркелмеді. Тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтың айтуынша, архивтерде діни қызметкерлердің арнайы қоры жабдықталмаған және мұсылмандық, христиандық деп бөлінбеген.


Автор Алтынай Сағындықова
Ключевые слова: Ғылым, Қазақстан тарихы, Ақтөбе облысы,
Наверх