Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы жайлы кітап жарыққа шықты

2 Декабря 2021 18:28

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы туралы кітап жарыққа шықты. Онда облыстық комиссия мүшелерінің ғылыми мақалалары жиналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

Өңірлік комиссяның тоғыз жұмыс тобының құрамына қырық ғалым, сарапшы, мұражай мен мұрағат қызметкерлері, қоғамдық қайраткерлер кірді.

Жыл басынан бері олар саяси қуғын-сүргін сұрақтары бойынша мұрағат құжаттарын кең ауқымда зерттеп, Ырғыз, Байғанин, Темір және Ойыл аудандарына ғылыми экспедиция жасады.

Нәтижесінде репрессияға ұшыраған азаматтарды өңір аумағында жаппай көмген орындардың карталарының жобасы әзірленді.

«Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» атты көптомды кітаптың бірінші бөлімі шығырылды.




Онда облыстық комиссия мүшелерінің ғылыми мақалалары жиналған.

«Қазақтың данасы Әйтеке бидің бір сөзі бар. «Елді қорқытып басқарма, оқытып басқар» деген. Қорқытып басқару ол тоталитаризм, оқытып басқару ол демократия. Бүкіл Кеңес үкіметінің тарихы бұл – тоталитаризм. Бүгін біз сол қуғын-сүргін саясатының кейбір тұсын, әсіресе 30-жылдардағы тарихын зерттеп жатырмыз. Бұл ең бір ауыр жылдар болды. Бұл зерттеу екі бағытта жүріп жатыр. Біріншіден, белгілі бір қуғын-сүргінге ұшыраған әлеуметтік топтар. Мысалы, Алаш, қоғам қайраткерлері, сол кездегі тотаритарлық жүйеге қарсы күрескен көтерілісшілер, рухани көсемдеріміз. Екіншіден, әр тұлғаны жеке зерттеу қажет. Өмір жолы, сот процесі тарихқа керек. Өзім діни қайраткерге қатысты теориялық, методологиялық тұсын зерттеп жүрмін. Бұл жұмыс жуық арада бітеді деп айта алмаймыз», - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы.

Жалпы жыл басынан бері облыстық комиссия мұрағатта сақталған 6​ 333 істі зерттеді.

Оның ішінде діни қызметкерлерді қудалау және діни мекемелерді күштеп жабу, мүлкін тәркілеу деректері анықталып, тергелді.

Отырыс соңында облыс әкімі жұмыс тобының қызметін жетілдіруге, ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

«Тек жергілікті мұрағаттарды ғана емес, біздің облыстың аумағындағы саяси қуғын-сүргін туралы мәліметтер бар шетелдік мұрағаттар қорын да зерттеу қажет деп есептеймін. Сол үшін жергілікті атқарушы hәм құзырлы органдарға тиісті қолайлы жағдай жасауды тапсырамын»,- деді Оңдасын Оразалин.

Белсенді әрі жемісті зерттеу жұмыстарын жүргізген өңірлік комиссияның бірқатар мүшесі облыс әкімінің алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.


Наверх