Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысында жыл басынан коронавирустан 2 жүкті әйел қайтыс болды

21 Апреля 2021 22:37

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының бас дәрігері Рүстем Исаев балалармен қатар жүкті әйелдерден де коронавирус инфекциясы жиі анықталып жатқанына алаңдады. Осы орайда, Ақтөбе медицина орталығында вирус жұқтырған жүкті әйелдерге бөлімше ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде тағы 125 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ақтөбе қаласында әлі де болса өсім бар, 82 адам вирус жұқтырып, дәрігер көмегіне жүгінген. Сонымен бірге Алға, Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар мен Хромтау, Темір аудандарында дерттің симптомды түріне шалдыққандар бар. Жалпы бүгінге дейін облыста 8 мыңға жуық адам COVID-19 жұқтырып, олардың 72 пайыздан астамы жазылды.

«Қазір қосымша инфекциялық стационар дайындалып жатыр. Кереует санын көбейту мәселені шешпейді. Әрі тек коноравирус инфекциясы емес, адам өміріне қауіп төндіретін өзге де ауру жеткілікті. Сондықтан тұрғындар мейлінше сақ болуы тиіс. Дертке шалдыққандардың «жасарып» бара жатқанын да естен шығармаған жөн. Қазір 97 бала бақылауда болса, жетеуі стационарда жатыр. Оның біреуінің жасы әлі 1-ге толмады», - деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

«Британдық штамм» да ақтөбеліктер үшін қауіп төндіріп тұр. Барлығы 4 адам вирустың осы түрін жұқтырғаны анықталды.

«Қазіргі кезде 30-дан астам жүкті әйелден коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті Ақтөбе медицина орталығында вирус жұқтырған жүкті әйелдерге арнайы бөлімше ашып қойдық. Жыл басынан бері екі жүкті келіншек COVID-19 дертінен көз жұмды», - деді Рүстем Исаев.


Наверх