Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әбіш Кекілбаев повесінің желісімен түсірілген фильм халықаралық кинофестивальге қатысады

17 Сентября 2021 10:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау» көркем фильмі Ресейде өтетін XXVII Халықаралық «Әдебиет және кино» кинофестивалінің негізгі байқауына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» колмпаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гатчина қаласында қыркүйектің 24-і мен қазанның 2-сі аралығында өтетін фестиваль шеңберінде әдеби негізі бар, жазушылардың шығармалары желісімен түсірілген кинотуындылар ғана көрсетілетінін айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетсек, Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.

«Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі желісімен түсірілген фильм дүниежүзіне есімдері белгілі Толстой, Чехов, Достоевский, Кафка сияқты ұлы жазушылардың шығармасы бойынша түсірілген фильмдермен бір конкурстық бағдарламада көрсетілетініне қуаныштымын», - деді режиссер Жаңабек Жетіруов.

Айта кетсек, «Әдебиет және кино» кинофестивалі ең алғаш 27 жыл бұрын 1995 жылы Гатчина қаласында өткен болатын. Фестиваль шеңберінде жыл сайын ресейлік және әлемдік жаңа фильмдер көрсетіледі.

Қыркүйектің 24-де аталған фестиваль Алексей Тельновтың «Архипелаг» фильмімен ашылады. Негізгі байқауға барлығы 24 туынды қатысады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» көркем фильмі қыркүйектің 28-і күні сағат 19:00-де «Победа» киноконцерт залында (Гатчина қ-сы, 25-ші Октябрь көш., 5 үй) көрсетіледі.


Ключевые слова: Мәдениет,
Наверх