Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңа қаулы: Елордада демалыс күндері Ashyq жобасына қатысатын мекемелер де жұмыс істемейді

23 Июль 2021 23:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері орынбасарының қаулысымен Ashyq жобасына қосылған бірқатар мекемелерге демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулыдағы шектеу шаралары тіпті вакциналау бекеттері орналасқан ғимараттарды да қамтып отыр.

Құжатта сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмыс режимін ғимарат ішінде вакциналау бекеттерінің болғанына қарамастан жұмыс күндері сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері мүлдем тыйым салу арқылы белгілеу тапсырылған.

«Бұл ретте көрсетілген объектілерде және олардың аумақтарында орналасқан аттракциондардың, ойын алаңдарының, мұзды және роликті сырғанақтардың, ойын орталықтарының жұмысына, оның ішінде «Ashyq» жобасына қатысатын объектілердің жұмысына қатаң тыйым салынады.

«Ashyq» жобасына қатысатын фудкорттардың жұмыс кестесі жұмыс күндері сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым салумен және тамақты жеткізуге және шығару қызметі жұмыс және демалыс күндері сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін рұқсат етіледі», - деп жазылған қаулыда.

Түрлі акциялар, жәрмеңкелер, шоурумдар, ұтыс ойындарын офлайн режимде өткізуге де тыйым салынады.

Ғимарат ішінде мейрамханалар, дәмханалар, кофеханалар типіндегі қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде ашық ауада (жазғы залдарда), күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жүктелімі 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын шарттарды сақтаған жағдайда жұмыс күндері сағат 07:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Ал сенбі және жексенбі күндері жұмысына тыйым сала отырып, тамақты жеткізу және шығарудың штаттық режимі белгіленді.

«Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін жұмыс кестесі жұмыс күндері сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері тыйым салумен белгілей отырып ұйымдастырылсын. Банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және басқа да бұқаралық іс-шараларды («Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде еске алуды өткізуді қоспағанда) ұйымдастыруға және өткізуге қатаң тыйым салынады», - делінген қаулыда.

Асханалар типіндегі қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы орналасқан жеріне қарамастан, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 07:00-ден 17:00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері тыйым салумен белгілей отырып, ғимарат ішінде толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын отырғызу орындарын сақтай отырып ұйымдастырылуы керек.

Жабық типтегі спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары меншік нысанына қарамастан, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтаумен, топтық сабақтарсыз, тек жеке жаттығулар үшін, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс кестесін белгіленді. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмысына тыйым салынады.

Фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога орталықтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің жұмыстары бассейндер мен сауналарды, СПА, массаж, пилинг және т. б. іске қосылуымен, орналасқан жеріне қарамастан, бір келушіге жаттығу залының 4 шаршы метр есебімен және 5 шаршы метр су айдыны қамтамасыз ете отырып, қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша, топтық сабақтарды өткізбей, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтау арқылы Ashyq жобасына қатысатын объектілер үшін сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым сала отырып ұйымдастырылады.

Жабық бассейндердің жұмысы сауналарды қатыстыра отырып, қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша, бір уақытта бір жолда бір келушінің болуын қатаң түрде қамтамасыз ете отырып, олар болмаған кезде бір адамға 5 шаршы метр су айдынын есептей отырып, топтық сабақтарды өткізбей, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтау арқылы Ashyq жобасына қатысатын объектілер үшін сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым сала отырып ұйымдастырылуы керек.

Косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюр қызметтері көрсететін сұлулық салондарының, шаштараздардың, орталықтар мен салондардың, «барбер шоптардың» жұмысын (1 келушіге 4 шаршы метр есебінен қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша) орналасқан жеріне қарамастан, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, жұмыс кестесін жұмыс күндері сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым сала отырып ұйымдастырылады.

Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлік субъектілері үшін караоке жұмысы күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтаумен, көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 50% - ға дейін толтырумен, бірақ 30 орыннан аспайтын жұмыс кестесін жұмыс күндері сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі мен жексенбі күндері тыйым салумен ұйымдастырылуы шарт.

«Бұл ретте конкурстарды, ұжымдық (корпоративтік) іс-шараларды өткізуге жол берілмейді», - деп жазылған құжатта.

Компьютерлік клубтардың, PlayStation клубтарының, боулингтердің, театрлардың, цирктердің, көрмелердің, бильярд, караоке, байланыс зоопарктерінің, океанариумдардың, батуттардың, түнгі клубтардың, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарының, сонымен бірге лотерея ұтыс ойыны, жабық спорт объектілерінің (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары), фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога орталықтарының, спорттық-сауықтыру объектілерінің, жабық бассейндердің, сауналардың, СПА-орталықтардың, СПА-салондардың (Ashyq жобасына қатысатын нысандарды қоспағанда) және кинотеатрлардың, концерт залдарының, кинорумдардың, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын-сауық орталықтарының, балалардың ойын бөлмелерінің, ойын алаңдарының және аттракциондардың, спорт объектілерінде орналасқандарды қоспағанда, мұзды және роликті сырғанақтың жұмысына тыйым салынады.

Қаулы 2021 жылғы 26 шілдеден сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мазмұнымен мына жерде танысуға болады.

Муаллиф Есімжан Нақтыбай
Калит сўзлар: Нұр-Сұлтан, Қаулы, Қауіпсіздік, Карантин,
Юқорига