Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Үкіметте Атырау облысындағы құрылыс жұмыстары қаралды

25 Январь 2022 10:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі жобаларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 112,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге. Жоспар аясында ауданы 400 гектар индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 10 ауылда 228,1 шақырым электр желісін салу, 640 шақырым автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен әрі сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құбырын салу, сондай-ақ тағы басқа жобалар іске асырылатын болады.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығын, 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген.

3 ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынатын болады.

«Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды.


Юқорига