Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәртіпсіздік кезінде көлігі өртенген алматылықтардың шығыны өтелуі мүмкін

20 Январь 2022 14:05

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде көлігі бүлінгенін дәлелдеген жүргізушілерге келген шығынды өтеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында журналистер әкімдік өкілдеріне қаладағы тәртіпсіздік кезінде бүлінген көлік пен пәтер иелеріне мемлекет шығынды өтей ме деген сұрақ қойды.

Әкім орынбасары Ілияс Өсеров зардап шеккен кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға өтемақы төлеу әлі басталмағанын жеткізді.

Себебі, өтемақы төлеу ережелері жақында ғана әзірленді.

Бұл ережелерді үкіметтік комиссия әкімдікке жеткізген кезде тұрғындар назарына ұсынылады.

«Тұрғындардың тікелей жеке мүлкіне келетін болсақ, бұл мәселелерді де пысықтаймыз. Көп жеке автокөлік зардап шеккені түсінікті, жай зақымданғаны, өртеніп кеткендері бар. Бұл мәселені де қарастырып жатырмыз, зардап шеккен халық мүмкін полицияға арыз беруі керек шығар. Егер олардың көлігі қаңтар оқиғасы кезінде бүлінгені расталса, оны өтеу мәселесін қарастырамыз. Оның ішінде жеке тұлғаларға да»,- деді әкім орынбасары Ілияс Өсеров.

Еске салайық, Алматыда өртенген және оқ тиген 140 көлік айып тұрағына қойылды.


Юқорига